Павлодарда сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған баланың жағдайы туралы жаңа мәлімет жарияланды. Өңірде жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты осындай алты жағдай тіркелген, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 9 қыркүйек күні сағат 21:00 шамасында болған. 2022 жылы туған бала сегізінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала балконға шығып, орындыққа көтерілгеннен кейін терезеден құлаған.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бала дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер басынан, денесінен және ішкі ағзаларынан көптеген жарақат анықтаған. Бала есін біледі.
ТЖД ата-аналарды балаларды терезесі ашық бөлмелерде және балкондарда қараусыз қалдырмауға шақырды. Сондай-ақ терезе маңына баланың көтерілуіне мүмкіндік беретін жиһаз бен басқа да заттарды қоймау, терезелерге арнайы блокаторлар мен қорғаныш құралдарын орнату қажеттігін ескертті.