Павлодарда табиғатты қорғау мақсатында су босату жұмыстары басталды

11 Сәуір 2022, 12:06
2560
Бөлісу:
Павлодарда табиғатты қорғау мақсатында су босату жұмыстары басталды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде табиғатты қорғау мақсатындағы су босату жұмыстары басталды.

Жыл сайынғы кестеге сәйкес Қ. Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» су арнасынан Шідерті-Өлеңті аумағына су жіберіледі. Бұл территорияларда шабындық жерлер орналасқан. Басты мақсат - экологиялық тепе-теңдікті сақтап, Әуликөл өзендер жүйесін тіршілік нәрімен қамтамасыз ету. Су айдындарының қатарында Әулиекөл, Бозайғыр, Бәсентиін, Өмірзақ, Көктөбе, Токкөл, Қалдыкөл және Ащыкөл өзендері бар.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, «Ертіс-Қарағанды» арнасынан босатылатын су үш жерден жіберіледі.

Павлодарда табиғатты қорғау мақсатында су босату жұмыстары басталды

Арнада үш су шығарушы құрал бар. Судың алғашқы легі 112-ші шлюзден жіберілді. Нақтырақ айтқанда, 85 млн шаршы метр су босатылды. Тағы екі жерден 30 млн текше метр және 5 текше метр су жіберілетін болады. Өткен жылы судың көлемі айтарлықтай аз болды. 80 млн теңше метрлік көлем алыс жатқан ауылдық аймақтарға жетпеді. Олқылықтың орнын толтыру үшін көлемін арттыруды шештік. Мәселен, Ақтоғай ауданы Жолболды, Жалаулы ауылдарының шаруалары шөптің аз шығуына шағымданды. Су босатудың арқасында қоршаған орта, жануарлар мен балықтар әлемі үшін қолайлы жағдай жасалады. Су 30-шы сәуірге дейін жіберіледі, - дейді Айгерім Қабылтаева.

Өткен жылы Ақтоғай ауданының шағын су тоғандарында балықтардың қырылу деректері тіркелген. Алты тоннадай балық жиналған еді. 

Павлодарда табиғатты қорғау мақсатында су босату жұмыстары басталды

Тіршілік нәрі Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының үш ауылдық округіне 21 мың гектарлық аумаққа жайылады. Жергілікті билік шабындық жерлерді суландыру үшін салалық министрлікке 1,1 млрд теңгенің бюджеттік өтінішін жіберген. 

«Ертіс-Қарағанды» су арнасы өкілдерінің айтуынша, су босату шаралары кедергісіз жүргізілуі тиіс. Себебі, мамандар тобы тыңғылықты дайындалған. Десе де, 55 жыл бойы істеп тұрған арнаның гидротехникалық құралдарын модернизациялаған жөн. Мамандардың пікірінше, гидротехникалық құралдар алдағы бірнеше жыл ішінде істен шығуы мүмкін. Мәселе республикалық деңгейден бірнеше рет көтерілген. Әзірге нақты шешім қабылданбады.

Өзгелердің жаңалығы