Павлодарда шыбын-шіркеймен күрес шаралары бұрынғыдан ерте басталады

1 Наурыз 2023, 14:36
1408
Бөлісу:
Павлодарда шыбын-шіркеймен күрес шаралары бұрынғыдан ерте басталады
Фото: azattyq-ruhy.kz

Ертіс өңірінде шыбын-шіркейлерге қарсы дезинсекциялық шаралар бұрынғыдан ерте басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Павлодар облысының билігі қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстарына қазірден бастап дайындалып жатыр. Ғылыми топ, жауапты мекеме өкілдері жиналып, мәселені пысықтады.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, өткен жылы бірнеше ауданда жүргізілген улау шаралары нәтиже бермеген. Мәселен, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары пен Ақсу қаласында күтілген нәтиже болмаған. 

Осындай жағдай қайталанбас үшін әр аудан бойынша жол картасы әзірленген. Нақтырақ айтқанда, шыбын-шіркей жаппай таралатын аумақтар жіті назарда болады. Сонымен қатар көктен дезинсекциялық жұмыстар үшін 33,5 мың гектарлық жер анықталды. Кіші авиация арқылы Ертіс өзенінің аумағы биологиялық препараттармен өңделетін болады. 

Өзенде шыбын мен шіркейлердің дернәсілдеріне қарсы өңдеу екі кезең бойынша өткізіледі. Нақтырақ айтқанда, өзен бойымен Аққулы ауданының Бесқарағай ауылынан Тереңкөл ауданының Жаңабет ауылына дейін жетеді. Өзен бойымен препараттар құйылатын сегіз орын анықталды. Аралығы 100 шақырымнан болады, - дейді мамандар.

Айта кетерлігі, жәндіктерге қарсы өңдеу шаралары табиғат қорғау мақсатындағы су босату мерзіміне байланысты болмайды. Су айдындарын өңдеу жұмыстары сәуір айының екінші жартысында басталады. 

Өзгелердің жаңалығы