Павлодарда шөп шабу жұмыстарына 4 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай берілді

15 Тамыз 2021, 00:49
2359
Бөлісу:
Павлодарда шөп шабу жұмыстарына 4 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жиын-терім жұмыстарына барлығы 21 мың тонна дизельді отын қарастырылды. Қазіргі кезде шаруалар жоспарлы көлемнің жартысынан астамын жинап үлгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Павлодар облысындағы төрт түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін шаруалар 1,7 млн гектар шабындық жерді игеріп, 1,1 млн тонна жем-шөп дайындауы тиіс. Осы уақытқа дейін оның 859 мың тоннасы жиналды. Ал шабындық жұмыстарын жүргізуде қиындықтыр туындамас үшін әкімдік 4 мың тонна көлемінде дизельді отын бөлді. Оның бағасы нарықтағы бағадан 25%-ға төмен.

Атап айтқанда, жанар-жағармай бекеттерінде отынның бір литрі орташа есеппен 189 теңге болса, шаруаларға 165 теңгеден беріледі.

Биыл жиын-терім жұмыстарына 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай қарастырылды. Оның 2 мың тоннасы шілдеде игерілсе, тағы 7 мың тоннасы осы айда пайдаланылады. Шөп шабу науқанына бөлінген 4 мың тонна дизельді отынның жартысы тамызға, қалған жартысы қыркүйекке жоспарланып отыр, - дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.

Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, шөптің биылғы шығымы былтырғыдан кем емес. Сондықтан өңірде мал азығымен қамтуда тапшылық болмауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы