Павлодарда шомылуға тыйым салынған жерлерде арнайы белгілер орнатылды

5 Шілде 2022, 12:55
1358
Бөлісу:
Павлодарда шомылуға тыйым салынған жерлерде арнайы белгілер орнатылды
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы ең қауіпті және шомылуға рұқсат етілмеген орындарда кюар-кодтар орнатылды. Құтқарушылардың жобасы тынығушыларға қауіпті су айдыны туралы ақпарат береді. 

Тіпті, белгілі бір орында қанша қайғылы оқиға тіркелгені туралы мәліметтер жинақталған. Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Тілекжан Галлямовтың мәліметінше, соңғы бес жылда облыс орталығындағы қауіпті жағажайларда 34 адам көз жұмған.

Павлодарда шомылуға тыйым салынған жерлерде арнайы белгілер орнатылды

Кьюар-кодтар Павлодар және қалаға қарасты елді мекендерде орнатылды. Көпжылғы бақылау нәтижесінде біз қауіпті деген 25 учаскені анықтадық. Бұл жерлердегі су айдындарының тереңдігі 10 метрден асуы мүмкін. Оған қоса, қайғылы оқиғалар жыл сайын тіркеліп отырады. Мәселен, Усолка өзенінің жағасында соңғы жылдары жеті адам көз жұмған. Ал тереңдік 13 метрге жетеді. Судың түбінде ағаштар, тастар мен ой-шұңқырлар жетерлік. Өкінішке қарай, ескерту жасалса да, суға түсуді жөн көретіндер азаймай тұр», - дейді Тілекжан Галлямов. 

Аймақта шомылу маусымы басталғалы 10-ға жуық адам суға кетті. Құтқарушылар мен полицейлер алдын алу шараларын күшейткен. Өңірде рұқсат етілген әрі абаттандырылған жағажайлар бар. Десе де, адам өміріне қауіп төндіретін орындарға демалуға баратын азаматтар жетерлік. Мамандардың айтуынша, жағажайларда ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзатындар жиі анықтала бастаған. Шомылу маусымы басталғалы 30-ға жуық павлодарлыққа айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы