Павлодарда шетелдік мамандар бірегей жүрек оталарын жасады

26 Мамыр 2023, 15:17
1183
Бөлісу:
Павлодарда шетелдік мамандар бірегей жүрек оталарын жасады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде облыстық кардиологиялық орталықтың 10 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Халықаралық деңгейдегі шараға Ресей, Армения, Сербия және Қазақстанның білікті мамандары қатысты. Алғашқы күні жеті бірдей күрделі ота жасалды.

Шеберлік сағаттары аясында озық технологиялы операция жасалды. Әріптестер тәжірибелері мен білімдерімен бөлісті. Қазір екі операциялық блокта екі ота қатар жүріп жатыр. Бірі аз инвазивті әдіспен, екіншісі аорта клапанын протездеу бойынша. «Озаки» әдісімен өтетін ота жасау тәжірибесі бірінші рет енгізіліп отыр,  - дейді кардиологиялық орталықтың мамандары.

Заманауи оталардан соң науқастардың оңалу уақыты айтарлықтай азаяды. Пациенттер аяққа тез тұрып кетеді.

Орталық директоры Гүлжанат Джакованың айтуынша, мекемеде жүрек трансплантациясынан басқа барлық хирургиялық әрекет жасалады.

Біздің орталық – облысымызда ғана емес, еліміздегі кардиохирургия саласының үздігі. Соңғы жылдары симультатты операциялар жасап жүрміз. Бұл – өкпе обыры кезінде жүрекке жасалатын хирургиялық шаралар.  Дәрігерлеріміздің біліктілігін арттырып отырамыз. Бүгінде орталығымызда 600-ге жуық маман еңбек етсе, олардың басым бөлігі мекеме құрылған күннен бері жұмыс істеп келеді. Бұл – кез келген уақытта көмекке келетін өз ісінің шеберлері, - дейді Гүлжанат Джакова.

Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде кардиологиялық орталықта 20 мыңнан астам операция жасалды. 46 мыңнан астам науқас емделіп шықты. Бүгінде елімізде жүргізілетін медициналық операциялардың күрделілік деңгейінің алты деңгейі іске асырылады.

Өзгелердің жаңалығы