Павлодарда салмағы бір келіге жетпейтін шақалақтың жүрегіне ота жасалды

30 Наурыз 2023, 18:42
1150
Бөлісу:
Павлодарда салмағы бір келіге жетпейтін шақалақтың жүрегіне ота жасалды
Фото: aikyn.kz

Астаналық кардиохирургтер павлодарлық дәрігерлермен бірлесіп, салмағы бір келіге жетпейтін шақалақтың жүрегіне операция жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Нәресте 660 грамм салмақпен дүниеге келген. Шала туған қыз бала қазіргі уақытта облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл хирургияда бірегей операция саналады. Себебі, шала туған баланың салмағы тым аз.

Перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігері Ксения Шкретованың айтуынша, бала ашық артериалды түтікшемен дүние келген. Бірақ, уақытында туған балаларда бұл түтікше өмірінің алғашқы бірнеше күнінде жабылуы керек. Ал шала туған балалардың бұл түтікшесі жабылмай, қан айналымы мен тыныс алу жүйелерінде қиындықтар пайда болады.

Бұл ақау салмағы бір келіге жетпей туатын балалар арасында кездеседі. Біз алдымен консервативті ем-дом шараларын жүргіземіз. Нәтиже болмаған соң, хирургиялық әрекеттер жасалады. Шақалақ – отбасындағы үшінші бала. Қазіргі уақытта жасанды демалу аппаратына қосылған. Бірнеше аптадан соң қалпына келіп, өздігінен дем алу керек. Әзірге нақты болжам жасау қиын.  Бүгінгі жағдайы тұрақты ауыр, - дейді Ксения Шкретова. 

Шақалақ екі ай бойы жансақтау бөлімінде. Бүгінгі күні салмағы 1 келі 30 грамнан асты. Мамандардың айтуынша, бір жылда осы тектес 4-5 жағдай тіркеледі. Қазірде перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде түрлі диагноз қойылған 10-нан астам бала жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы