Павлодарда өрт кезінде екі адам зардап шегіп, ауруханаға түсті

12 Қыркүйек 2021, 19:22
3412
Бөлісу:
Павлодарда өрт кезінде екі адам зардап шегіп, ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқиға орнында жеке құрамнан 17 адам және 6 техника, апаттық медицина орталығы, «102», «103» қызметтері жұмыс істеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қыркүйек күні сағат 22.42-де Мәшһүр Жүсіп көшесі, 17 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Хабарлама бойынша, бес қабатты тұрғын үйде үшінші кіреберістің екінші қабатында пәтер жанып жатқан. Дереу оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер екі бөлмелі пәтердің залында диван, кресло және үй заттарының жалпы ауданы 5 шаршы метр жанып жатқанын анықтады.

№ 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері өртеніп жатқан пәтерден адамдарды құтқаруға кірісті. Аға инженер азаматтық қорғау аға лейтенанты Рустам Саттаров, бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Темірлан Ахтамбер және азаматтық қорғау қатардағы өрт сөндірушісі Тамерлан Жұмабеков екінші қабаттың терезесіне үш иінді саты орнатып, пәтерге кіріп, 1948 жылы туған әйел мен 1977 жылы туған ер адамды құтқарды. Зардап шеккендерді жедел жәрдем бригадасы Павлодар қаласының № 1 ауруханасына жатқызды, - деп баяндады кезекші Даулет Қайырбеков.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін үшінші кіреберістен 19 адам, оның ішінде 4 бала өздігінен сыртқа шығып үлгерген. Өрт 23.12 сағатта жойылды.

Болжам бойынша, өрттің шығуына темекі шегу кезіндегі салғырттық себеп болған. Қазіргі таңда тілсіз жау салдарынан келтірілген шығын көлемі анықталуда.

Өзгелердің жаңалығы