Павлодарда көшедегі жарнама мәтіндерінен қате тапқандар марапатталды 

1 Сәуір 2019, 09:43
2825
Бөлісу:
Павлодарда көшедегі жарнама мәтіндерінен қате тапқандар марапатталды  

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда көшедегі жарнама мәтіндерінен қателерді табуға арналған «Қала келбеті» акциясы өтті. Бұл туралыдеп pavlodarnews.kz хабаралды.

Акцияны Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында өткізді. Көшедегі қателер бойынша акцияға 140-тан астам фото келіп түскен.

"Шараның негізгі мақсаты облыс көшелеріндегі жарнама мәтіндерін орналастыруда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу, облыс тұрғындарының белсенділігін арттыру болды", - деді басқарманың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Самат Кушмағұлов.

Акция талаптарына сәйкес облыстың кез-келген азаматы қатысып, 2019 жылғы 1-20 наурыз аралығында  қала көшелерінде орналасқан ресімделуі заңнамаларға сәйкес келмейтін немесе қателері бар жарнама өнімдерін фотосуретке түсіріп, басқармаға ұсынды. Жалпы, акцияға онға жуық адам қатысты. Шараның қорытындысы бойынша белсенді 5 қатысушыға басқарманың алғыс хаттарымен және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Акция бойынша ең көбі С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Досжан Мұратбек 47 фото жіберген. Самат Кушмағұлов бұл қателермен ар қарай жұмы жасап, мекемелерге барып түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндіктерін айтты.

"Қате жарнама иелеріне заң үзнділерін таратамыз. Қателердің көбісі н-ң, к-қ әріптерінен кеткен. Бұрын қате жарнама жасағандар қатесін түзетуге міндетті болатын. Бұл заң 2018 жылы мамыр айынан бастап алынып тасталды. Қазір біз тек қана кеңес, нұсқау береміз. Алайда, көпшілігі ауыстырады", -деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, бұл акция 4-5 жылдың көлемінде дәстүрлі түрде жылына бір рет өткізіліп келеді. Алғашқы жылдары 400 фото түскен. Кейін 300, 200 болып, жыл сайын азайып келеді. Өткен 2018 жылы жарнама қателері бойынша 200-ге жуық фото түскен болса, оның 80-90 пайызы түзетілген.




Өзгелердің жаңалығы