Алматы, BAQ.KZ. Павлодарда алғаш рет ұлттық дәстүрге сай «ERTIS ARUY» атты сұлулық байқауы өтті. Ұлыстың ұлы күніне орай облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығымен қолға алынған жобаға аймақтың әр өңірінен ақылы мен көркі сай бойжеткен қыздардың басын қосты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс намысын республикалық «Қазақ аруы» сұлулық сайысында қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Осыдан тура бір ай бұрын облысымызда «ERTIS ARUY» байқауының іріктеу кезеңі өткен болатын. Әр қала, ауданнан жүздеген қыздың арасынан ақтың сынға қатысуға лайықты 16 үміткер таңдалып алынды.
«ERTIS ARUY» байқауының басты мақсаты қазақ қызына тән көркем мінез, сұлулық пен инабаттылықты, ақыл мен әдептілікті бойына сіңірген бойжеткенді анықтау болатын. Кастинг барысында да осыған ерекше мән бердік. Тағы бір басты талап - әр қатысушының қазақ тілін жетік білуі. Әрине, сұлулық байқауы болған соң қыздардың бойын, сыртқы келбетін, дене бітімін де ескердік, - дейді жоба ұйымдастырушысы, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Замира Амангелдіқызы.
Осылайша, алдын ала іріктеуден өткен 16 үміткер бір ай бойы кәсіби хореограф, сән саласының майталман мамандарының көмегімен дайындық жүргізді. Соң еңбектерінің нәтижесін «Ертіс аруы» байқауының ақтың сынында көрсете білді.
Бойжеткендердің бабын сынап, бағына жол ашу жауапкершілігі құрамында облыстық «Нұр Ана әлемі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжамал Максилова, облыстық «Халық радиосының» бас редакторы Раушан Сыбанжанова, қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Ринат Малцагов, Жекпе-жек ұлттық спорт түрінен облыстық бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алтынбек Рщанов және «Мисс Павлодар-2016», «Мисс Қазақстан 2016» байқауының финалисті Айзат Байтенова бар қазылар алқасына жүктелді.
Байқау барысында қатысушылар өнерін ортаға салып, ұлттық киімдермен сән шеруінен өтіп, «Ақыл мен парасат» бөлімінде сынға түсті.
Бұл ұлттық дәстүрге сай өткен сұлулық байқауы. Мұнда ашық, немесе қысқа киім киюге жол берілген жоқ. Қазақтың ұлттық киімдерін дәріптеп, насихаттауға тырыстық. Сұрақ-жауап бөлімінде де қатысушыларға қазақтың салт дәстүріне қатысты сауалдар қойылғанын көрдіңіздер. Сондай-ақ, ел тарихында аты қалған батыр, дана аналарымызға қатысты сұрақтар әзірленді. Бұл жай байқау емес, бұл – тәрбие құралы деседе болады. Дейтұрғанмен, сұлулық байқауы болған соң, әлемдік стандарттарға сай қыздардың бет-пішіміне, сымбатына, бойына назар аудардық, - дейді қазылар алқасының төрайымы Айзат Байтенова.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде, яғни «ERTIS ARUY» атағын Май ауданының үкілеген үміті Дана Тайтуленова жеңіп алды. Оған белгілі сәулетшілердің жобаға арнап әзірленген, бағалы тастармен көмкерлген «ERTIS ARUY» тәжі табыс етілді.
І орын Екібастұз қаласының атынан қатысқан Айсана Хайрулаеваға, ІІ орынға Аққулы ауданынан Гүлнұр Керімқұлға, ІІІ орын ақтоғайлық Анель Нұрдәулетоваға бұйырды. Баянауылдық Маукенова Жанерке «Өнерлі ару», ал Май ауданының атынан қатысқан Назерке Қайыргельдинова «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
Атап өтерлігі, жеңімпаз және жүлдегер атанған төрт бойжеткен келесі жылы өтетін «Қазақстан аруы» байқауына жолдама алды. Оған дейін қыздар жергілікті кәсіби мамандардың көмегімен дайындық жүргізбек.