Павлодарда бес адам суға кетіп, ажал құшты

19 Маусым 2023, 18:05
869
Бөлісу:
Павлодарда бес адам суға кетіп, ажал құшты
Фото: автордан

Ертіс өңірінде жыл басынан бері бес адам суға кетіп, ажал құшқан, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Көз жұмған адамдардың барлығы түсуге рұқсат етілмеген жерлерде шомылған. Жуықта 1998 жылғы азамат Усолка өзенінің жабдықталмаған жерінде суға түсіп, жоғалып кеткен. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жас азаматтың батып кеткені анықталды.

Іздеу шараларына эхолот құрылғысы бар құтқару катері жұмылдырылды. Құрылғының көмегімен ер адамның мүрдесі жағадан 15 метрлік жерде, екі метрлік тереңдікте табылды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлайды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Павлодар қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Тлекжан Галлямовтың айтуынша, алдын алу шараларына қарамастан, адамдардың суға кету деректері азаймай тұр.

Өкінішке қарай, оқыс оқиғалар тіркеліп жатыр. Біз өз тарапымыздан алдын алу жұмыстарын күшейттік. Мәселен, рейдтік шараларды қолға алдық. Құтқарушылар үлкен кәсіпорындардың ұжымдарымен де кездесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр. Жуырда коммуналдық жағажайға смарт камералар орнаттық. Адам қалытқыдан, яғни, шектеу сызығынан асып кетсе, дабыл қағылады. Жаңашыл жүйенің көмегімен құтқарушылар шомылу орнын бақылап тұрады, - дейді Тілекжан Галлямов.

Әсіресе, орталық жағажай жіті бақылауда. Себебі, бұл – өңірдегі ірі шомылу орындарының бірі. Биыл қоғамдық орынды жабдықтауға қыруар қаржы жұмсалған. Бұл жерде 300-ге жуық шезлонг, шатырлар, екі пирс бар. Қазір 20 қоғамдық құтқарушы кезекшілік атқарып жатыр.

Айта кетейік, облысты шомылу маусымы тоғыз күн бұрын ашылды. Жаз бойы 42 жағажай жұмыс істемек.

Өзгелердің жаңалығы