Павлодарда балабақшалардың аумағына асфальт төселіп жатыр

19 Мамыр 2023, 12:46
727
Бөлісу:
Павлодарда балабақшалардың аумағына асфальт төселіп жатыр
Фото: автордан

Биыл облыс орталығындағы 30 балабақшаның аумағындағы асфальт жабындысы жаңартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі асфальттың тозығы жеткен. Кей балабақшада жол жабындысы 40 жыл бойы жаңартылмаған. Мердігер ұйым өкілдері жөндеу жұмыстарын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Қуантарлығы сол, ауқымды жөндеу жұмыстары барысында балабақша жұмысы бір сәтке де тоқтамайды. Тек балғындардың түскі ұйқысы кезінде ауыр техника жұмысын тоқтатады. Басты мақсат – бөбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балабақша аумағында жүргенде жайлы жағдай жасау.

Жөндеу жұмыстарын бір апта бұрын бастадық. Бордюр тастарын ауыстыру, жолдарға қиыршықтас төсеу және асфальт жабындысын ауыстыру жұмыстарын қолға алдық. Қазіргі уақытта бес нысанда қатар жұмыс істеп жатырмыз, - дейді мердігер ұйым өкілі Диана Бексейітова.

Айта кетейік, балабақша аумағын жөндеу бұрын-соңды жүргізілмеген еді. Биыл мемлекеттік бюджеттен 300 млн теңге бөлінді. Осы жолы 30 балабақша жөнделеді, бұл – облыс орталығындағы бөбекжайлардың тең жартысы. Абаттандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы