Павлодарда алкоголь өнімін заңсыз сатқан жеке кәсіпкер анықталды

12 Қазан 2023, 04:21
600
Бөлісу:
Павлодарда алкоголь өнімін заңсыз сатқан жеке кәсіпкер анықталды

Павлодар облысында алкоголь өнімін заңсыз сатқан жеке кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері алкогольді заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізеді. Мәселен, 30 қыркүйекте сағат 11:20 шамасында әкімшілік учаскені аралау кезінде учаскелік полиция инспекторы Екібастұз қаласы Беркімбаев көшесіндегі дүкендердің бірінде алкоголь өнімін заңсыз сату фактісін анықтады.

Кәсіпкерге қатысты алкоголь өнімін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік соттың шешімімен ол 138 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, алкоголь өнімін сатуға лицензиясынан бір айға айырылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осы жылы ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша Екібастұз қаласының 30 сатушысы мен жеке кәсіпкері жауапкершілікке тартылды. Полицейлер этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы ҚР Заңының нормаларына сәйкес мейрамханаларда, барлар мен кафелерде: сағат 23-тен бастап келесі күнгі 8-ге дейін; этил спиртінің көлемдік үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнімін кешкі сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін өткізуге тыйым салынатынын еске салады.

Өзгелердің жаңалығы