Павлодарда 1 ГВт қуатты дата-орталықтар кешені құрылысы басталды

Павлодар облысында үш деректер орталығының құрылысы басталды. Алғашқы нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

6 Қараша 2026, 10:24
АВТОР
 ҚР Үкіметі 6 Қараша 2026, 10:24
6 Қараша 2026, 10:24
186
Фото: ҚР Үкіметі

Павлодар облысында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректер орталығын салу жоспарланған. Ал 2029 жылға қарай алқаптың жалпы қуатын 1 ГВт-қа жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өткізді. Жиында құрылыс жұмыстары, инвестиция тарту және жобаны кеңейту мәселелері қаралды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, KPMG халықаралық агенттігінің бағалауы бойынша, жобаның жыл сайынғы әлеуетті экспорттық кірісі 3,1 млрд доллар болуы мүмкін. Ал деректер орталықтарының 20 жылдық қызмет ету мерзімінде елімізге тартылатын инвестиция көлемі 115 млрд долларға бағаланып отыр.

Үш деректер орталығы қашан іске қосылады?

Жобаның бірінші кезеңінде үш орталық салу көзделген.

Бірінші деректер орталығының қуаты 68 МВт болады. Қазір оның құрылыс алаңында іргетас қалау, инфрақұрылым нысандары мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары басталған. Орталықты 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Екінші орталық – Firebird AI. Оның қуаты 164 МВт болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңындағы қазаншұңқыр қазу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Орталықты 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.

Ал қуаты 72 МВт болатын үшінші деректер орталығын 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Жобаның қуаты 1 ГВт-қа дейін артады

Жобаның екінші кезеңі аясында Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен 480 МВт есептеу қуатын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Оны 620 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен қосымша 240 МВт есептеу қуатын орналастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл көрсеткішті 420 МВт-қа дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба аясында қажетті энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, деректер орталықтарын белгіленген мерзімде іске қосуды тапсырды.

Наверх