Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚХР шекарасынан РФ шекарасына дейін Қазақстанның шығысы арқылы өтетін М-38 жолының барлығы дерлік биыл ақылы болады, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері.
Ұзындығы 464 км болатын М-38 тас жолының Павлодар – Семей – Қалбатау учаскесі биыл ақылы болады. Павлодар облысында 3, Шығыс Қазақстан облысында 8 бақылау аркасы орнатылып, тесттік режимде іске қосылды.
ШҚО-дағы ақылы учаске Семей мен Шар қалалары, сондай-ақ Аққулы, Бесқарағай және Жарма аудандары арқылы өтетін жолда болады.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» Павлодар – Омбы (РФ шекарасына дейін) жолы да ақылы болатынын хабарлаған еді.
Ақы алудың ашық жүйесі М-38 автожолының барлық учаскесіне енгізілетін болады. Қытай халық республикасы шекарасынан Қалбатау ауылына дейінгі жол тегін болып қала береді.
Павлодар – Семей – Қалбатау учаскесі ІІ техникалық санаттағы жолға жатады. Яғни, жүк көліктері үшін ғана ақылы болады.
Жалпы, ШҚО халқы аймақ жолдарына ақылы жүйені енгізуді қолдады. Бірақ, тұрғындар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жүк көліктеріне, фермерлер мен коммуналдық қызмет техникаларына жеңілдік қарастыруды сұрады.
Сондай-ақ, ШҚО тұрғындары Павлодар – Семей – Қалбатау жолын 4 қозғалыс жолағына дейін кеңейтуді, бөлу жолақтары мен мал өте алмайтын қоршау орнатуды талап етті.