Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласы гүлдермен безендірілуде. Биыл жазда гүлзарлар саны еке есе көбеймек.
Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар гүл отырғызу жұмыстарымен айналысып жатыр. Мамандардың мәліметінше, 30 мың шаршы метрлік аумаққа әсем өсімдіктер егіледі.
Қаланы көгалдандыру жұмыстарының барысын дендрологтар мен дизайнерлер жіті бақылайды.
Гүлдер композициясы қалалық сәулет басқармасы мамандарымен келісілген. Облыс орталығындағы кез келген көгалдардыру барысында ғылыми қолдау шаралары жүзеге асырылады. Біз сала мамандарының пікірін ескеруге тырысамыз. Отырғызу кезінде бір жылдық өсімдіктерге арналған топырақ ауыстырылады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арслан Қалиақпаров.
Бұл игілікке қалалық бюджеттен 350 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Ағаш егу жұмысы да белсенді жүргізіледі.
Өткен жылдары жасыл көшеттерді екі ай суарсақ, енді бес ай бойы суарып тұрамыз. Облыс орталығында 197 мыңнан астам ағаш бар. Олардың 12 мыңына тұрақты түрде су қажет. Яғни екі жылға дейінгі жас көшеттер. Бүгінде су тасымалдау жұмысы реттелді. Биыл ағаш егу науқаны ерекше болмақ. 20 мыңдай қарағай тұқымдастарын отырғызамыз. Терек, қарағаш сияқты жапырақты өсімдіктер де қалаға көрік қоспақ. Дендрологтармен ағаш отырғызу орындарын белгіледік. Басым бөлігі Спорт қалашығы жаңа шағын ауданында жайқалады деп күтілуде, – дейді Арслан Қалиақпаров.
Отырғызу материалы, яғни жас көшеттерді сапалы өнім ұсынатын тәлімбақтардан аламыз. 20 мың ағашты күтіп-баптау мен суаруға мемлекет қазынасынан 707 млн теңге жұмсау қарастырылған.