Павлодар облысының емдеу мекемелерінде дәрі тапшылығы жоқ

22 Шілде 2021, 17:20
2108
Бөлісу:
Павлодар облысының емдеу мекемелерінде дәрі тапшылығы жоқ

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы 56 медициналық мекеме емдеу құралдарымен қамтылған. Бүгінде ұйымдардың барлығында бір айлық қор бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанованың хабарлауынша, облыста стационарлық көмек бойынша 8,4 млрд теңгенің келісімшартына қол қойылған. Дәрілік препараттар бекітілген кесте бойынша тасымалдануда. 

Қазіргі уақытта емдеу мекемелерінің қорында айлық қажеттілік көлеміндегі өнім сақтаулы. Тапшылық байқалмайды. 

Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеу үшін 80 түрлі дәрі-дәрмек тасымалданады. Дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдар инфекцияны емдеудің хаттамасының тізімінде бар. Ал амбулаториялық көмек көрсету аясында пациенттер COVID-19-ды емдеу бойынша бес түрлі емдік құралмен қамтылады. Олардың қатарында «Парацетамол», «Ибупрофен», «Ривароксабан», «Апиксабан» және «Дабигатран» бар. Ауру жұқтырғандар тіркелген емханаларынан дәрігердің жолдамасы бойынша дәрі-дәрмектерді ала алады, - дейді Сәуле Арыстанова. 

Сала өкілдерінің айтуынша, коронавирустық инфекцияны емдеу бойынша дәрілер уақытанда жеткізіліп келеді. Бүгінгі күні 64 миллион теңге сомасының құралдары әкелінген. Салалық министрліктің бұйрығымен ауыр дертті емдеу бойынша 38 түрлі дәрінің екі айлық қоры жасақталған. Медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттар облыс орталығындағы хабта сақталады.

Өзгелердің жаңалығы