Павлодар облысының тұрғындары 1 млрд теңгеден астам салық төлемеген

4 Қазан 2019, 08:56
1405
Бөлісу:
Павлодар облысының тұрғындары 1 млрд теңгеден астам салық төлемеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының мемлекеттік кірістер департаменті басшысының м.а. Бауыржан Айнабеков мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

"Ағымдағы жылдың 16 шілдесінен бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық бастау алды. Әрбір азамат жыл соңына дейін, негізгі қарызын өтеген болса, есептелген өсімпұлдарды есептен шығару бойынша аталған науқанды пайдалана алады. Сондықтан салықтық берешегі бар өңір тұрғындарын осы мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырамын", - деді Бауыржан Айнабеков.   

Салықтық рақымшылыққа азаматтардың 2 санаты енеді. Бірінші санаты – салықтық міндеттемелері орындалмаған жеке тұлғалар, яғни көлік, мүлік, жер, мүлкін сатудағы баға өсуінің айырмасын құраған мүліктік кірістен пайда болған жеке табыс салығы. Екінші санаты – жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрмайтын жеке тұлғалар, бірақ түзетуді қажет ететін, қате есептелген салықтық берешегі бар (жалпыреспубликалық ақпараттық жүйеге көшу кезінде, 15 жылдан астам уақыт ішінде пайда болған салықтық берешек ) жеке тұлғалар. Яғни, бұрын кәсіпкерлікпен айналысып, кейін жұмысы тоқтаған, алайда кәсіпкер ретінде салығы жиналып қалған азаматтар болуы мүмкін. Аталмыш салықтық рақымшылық 2018 жыл бойынша есептелген жер және мүлік салығына таралмайды. Өйткені, олар ағымдағы мерзімнің міндетті төлемі болып табылады.

"Павлодар облысында 2019 жылғы 1 қаңтарындағы жағдаймен 27 салықтық түр бойынша 124 151 салық төлеушінің қарыздарының жалпы сомасы 1 миллиард 143 миллион теңге, оның ішінде өсімпұл – 461 миллион теңгені құраған. Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегі бойынша 15 968 салық төлеушінің 150 миллион теңгеге өсімұлы есептен шығарылған. Екінші санат бойынша салықтық рақымшылыққа енетін тұлғалардың салықтық берешегінің негізгі сомасы – 4 миллион 192 мың теңге. Өсімпұлы – 3 млн 546 мың теңге. 2019 жылдың 30 қыркүйегі бойынша 277 салық төлеушінің 3 млн 544 мың теңгеге берешегі мен 3 млн 204 мың теңгеге өсімпұлы есептен шығарылды", - деп түйіндеді Бауыржан Айнабеков. 





Өзгелердің жаңалығы