Павлодар облысындағы жазғы лагерьде балаларға қымыз беріледі

13 Маусым 2021, 20:10
2124
Бөлісу:
Павлодар облысындағы жазғы лагерьде балаларға қымыз беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Май ауданында «Жауқазын» жазғы сауықтыру лагерін шипалы сусынмен ауылдың шаруашылық қожалықтары қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.


Малайсары жалпы орта білім беру мектебінің директоры Анар Жетібаеваның айтуынша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында кәсіпкерлердің өздері қымыз жеткізіп тұруға ниет білдірген. 

Олардың қымыз өндірісіне арнайы сертификаттары бар. Әрқайсысы бес литрден күніне 10 литр қымыздан ұсынады. Кез келген аурудың алдын алу үшін балалардың иммунитетін көтеру керек. Ал ол  үшін дұрыс тамақтану мен дәрумендер ішудің маңызы зор. Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз қымыздың адам денсаулығына берер пайдасы орасан зор екені барлығымызға мәлім. Сондықтан балалар таңертеңгі уақытта қымыз ішеді, - дейді  Анар Жетібаева.

Жазғы лагерьде екі маусымда 1-7-сынып аралығындағы  30 бала келеді. Олармен психолог, кітапханашы, медбикелер жұмыс істейді. Спорттық шаралар мен түрлі сауықтыру жаттығулары, күн терапиясы, құм терапиясы өткізіледі. 

Малайсары жалпы орта білім беру мектебінде барлығы  125 бала білім алады. 


Өзгелердің жаңалығы