Павлодар облысындағы жастарға арналған бағдарламаны жастардың өзі жасайды

29 Мамыр 2021, 07:45
5584
Бөлісу:
Павлодар облысындағы жастарға арналған бағдарламаны жастардың өзі жасайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов аймақтың жас тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың стартаптары мен қоғамдық қызметтерін дамыту және басқа да көптеген мәселелер талқыланған жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысына қатысты.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, жыл басынан бері облыстағы 187 жас кәсіпкердің жобаларына 6 миллиард теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Айбек Тұрсынғалиев кездесуге қатысқан жастарға көрсетілетін көмек туралы, атап айтқанда – «Бизнестің жол картасының» гранттары, «Zhas-Halyk.Ertis» тарапынан берілетін кепілсіз несиелері, «Business Ertis» аймақтық бағдарламасының бағыттары және т.б. туралы баяндады.

Біз жаңа экономикалық тенденцияларды ескере отырып, көптеген процесстерге көзқарасымызды, жұмысымыздың форматын өзгертіп, жобалық менеджментті енгіздік. Біз жастардың бастамаларын, креативті бизнес-идеяларды дамытуға дайынбыз, бұл үшін біздің аймақта қажетті инфрақұрылым бар. Біздің есігіміз жаңа ұсыныстарыңызға әрдайым ашық, – деді басқарма басшысы, жастарды ынтымақтастыққа шақырып.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары туралы айтып, оның аясында жастарға білім беру ұйымдарына түсу туралы кеңес беріліп, кәсіпкерлік негіздер үйретіліп, тікелей жұмыспен қамтылатындығын мәлімдеді.

Медициналық жоғары оқу орындарына түсу үшін Павлодар қаласы әкімінің грантына құжаттар қабылданатынын жарияладық. Биылғы мектеп түлектері арасынан көп балалы аз қамтылған отбасылардан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар шақырылады. Мектеп түлектеріне бес және оқуын интернатурада жалғастыруға бес грант беру жоспарланып отыр, – деді Ержан Иманслям.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының биылғы маусымға арналған жоспарларымен облыстық штаб жетекшісі Русана Самекова бөлісті. Облыстың 2 мың жас тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Өңіріміздің үш қаласы мен 10 ауданында аймақтық штабтар құрылды. 2021 жылы Павлодарлық штаб-пәтер өз жұмысын үш негізгі бағыт бойынша жалғастырмақ: экология және абаттандыру, құрылыс және қайта құру, шығармашылық, – деді Русана Самекова.

Кездесу барысында жастар қауымдастықтарының, компаниялар мен орталықтардың өкілдері біршама өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстар жасады. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов оларға қолдау көрсетілетінін айтып, өз кезегінде ұсыныс жасады – іс-шаралар жоспарын жастардың өздері дайындауы тиіс.

Бұл бағыттағы барлық мемлекеттік бағдарламалар мақұлданған, бірақ аймақтың өз спецификасы, ерекшеліктері, жинақталған тәжірибесі бар. Біз қай бағытта қозғалу керектігін білеміз. Мен бір ай ішінде ақпарат және әлеуметтік даму басқармасы емес, жастардың әртүрлі аудиторияларында дайындалған құжаттың жасалғанын қалар едім. Сіздер құжатты өздеріңіз құрып, бастысын атай отырып жазсаңыз, біз оны мақұлдар едік, – деді Әбілқайыр Сқақов жастарға.

Ол облыста бастамашыл жастарды қолдауға қажетті барлық ресурстар мен құралдардың бар екендігін айтты. Аймақ басшысы әкімдіктің инновациялық және креативті идеяларды дамытуға ықпал етуге дайындығы туралы атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы