Павлодар облысында жол жұмыстарының 65%-ы біткен

12 Тамыз 2021, 13:40
2433
Бөлісу:
Павлодар облысында жол жұмыстарының 65%-ы біткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның өңірлерінде жергілікті жолдар желісін жөндеу жұмыстары жалғасуда. 

Атап айтқанда, Павлодар облысында биыл облыстық және аудандық жолдардың 300 шақырымға жуығы жұмыстармен қамтылған. Бүгінге дейін 190 шақырымға тарта жол немесе желінің 65%-ы жөндеуден өткен. 

Облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу бойынша барлығы 41 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, жергілікті жолдардың 100 шақырымының жабындысы қиыршық тастан асфальтқа алмастырылмақ. Қазір Қызылтаң ауылына барар жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. 

Ал келесідей жол учаскелері орташа жөндеуден өткізілуде: «Ивановка-Трофимовка-РФ шекарасы», «Ақтоғай-Шолақсор», «Чернорецк- Шарбақты», «Беловка-Қалқаман», «Шақат-Шалдай», «Павловка-Галицкое», «Ивановка-Трофимовка», «Екібастұз-ГРЭС 2», «Қарашат-Жаңа Жайма», «Голубовка-Қызылқақ». 

Бұдан бөлек, облыстың келесідей елдімекендеріне барар жолдарда да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр: Ағашорын, Ақжар, Новоямышево, Березовка, Галкино, Сахновка, Алғабас, Бірлік, Зеленая Роща және Красиловка.

Айта кетейік, Павлодар облысында жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3709 шақырымнан асады. Биыл жүргізілген жөндеу жұмыстарының қорытындысы бойынша нормативті жағдайдағы жолдардың үлесін 90% пайызға дейін жеткізу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы