Павлодар облысында жол жөндеу жұмыстары төрт кезең бойынша бақыланады

16 Маусым 2020, 12:54
1228
Бөлісу:
Павлодар облысында жол жөндеу жұмыстары төрт кезең бойынша бақыланады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары төрт кезең бойынша бақыланады. Бұл жұмыс авторлық және техникалық қадағалау арқылы жүзеге асырылады.

Бақылау шараларын жүргізуге "Жол активтерінің сапа орталығы" мекемесінің мамандары тартылады. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы мамандарының мәліметінше, биылғы жылы жөндеу жұмыстары 542 шақырымдық жол учаскелерінде жүргізіледі. Жұмыстардың дені – аудандық маңыздағы автомобиль жолдары және елді мекендердің көшелеріне тиесілі.
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 24 жоба іске асырылуда. Жалпы ұзындығы 315 шақырым болатын жол ретке келтіріледі. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар тас жолдардың 42 шақырымын орташа жөндеуден өткізу бойынша бес жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 43 шарықымдық күре жол жөнделеді, - дейді басқарма басшысы Ринат Қойсоймасов.
Үстіміздегі жылы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде 41 жоба қолға алынып, ауылдық жерлердің 59 шақырымы жөнделмек. Қазіргі уақытта межеленген жоспардың тең жартысы орындалды. Жол жөндеу "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша да жүзеге асырылып келеді.
   
Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағындағы "жақсы" жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-дық көрсеткішке жетеді. Ал былтырғы жылы 82,6%-ды құраған.
                    

Өзгелердің жаңалығы