Павлодар облысында жайылым тапшылығы екі есе азайды

6 Сәуір 2023, 12:03
973
Бөлісу:
Павлодар облысында жайылым тапшылығы екі есе азайды
Фото: egemen.kz

Ертіс өңірінде жайылым тапшылығын жою бойынша жұмыс жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық жер қатынастары басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, өңірдегі 12,5 млн гектерлық жердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып келеді.

Бүгінгі таңда жайылым ретінде 8,3 млн гектар жер қолданыста. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін жайылымдық ресурстар жеткіліксіз. Мәселе біртіндеп шешімін тауып жатыр. Бүгінгі таңда 125 мың гектар жер керек. Өткен жылы бұл көрсеткіш екі есе артық болатын, - дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов.

Мал бағылатын жер қорын ұлғайту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылды. Мәселен өткен жылы мемлекет иелігіне 67 мың гектардай жер қайтарылып, 44 мыңнан астам гектар резервке қойылды. Суармалы жер көлемін арттыру бойынша да жұмыс жалғасып келеді.

Егістікке жарамды жер көлемі 150 мың гектар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өңірге жұмыс сапары барысында 2030 жылға қарай суармалы жер аумағын 300 мың гектарға көбейту жайында тапсырма берді. Өткен жылы суарылатын аумақ көлемі 13 мыңнан астам гектарға кеңейді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 23 жобасы бар. Былтыр фермерлер үш жобаны жүзеге асырып, екі мың гектарлық жерді қолданысқа берді, - дейді Мұрат Хамитов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы кезең-кезеңмен орындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы