Павлодар облысында үш жыл ішінде барлық балалар алаңы жаңартылады

4 Маусым 2021, 14:45
1975
Бөлісу:
Павлодар облысында үш жыл ішінде барлық балалар алаңы жаңартылады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында апатты деп танылған немесе қираған балалар алаңдары толық жаңартылады. Шаһар басшылығы алдағы үш жыл ішінде бұл мәселені түбегейлі шешпек.

Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолланың мәліметінше, бүгінде облыс орталығында 426 балалар ойын алаңы бар. Олардың 106-сы өткен жылы толық алмастырылған. Себебі тұрғындар тарапынан шағым көп, оған қоса әбден ескірген және қауіпті жерлер бар.

Бүгінде Павлодар қаласында 426 аула болса, олардың 100-ден астамы жаңа кейіпке енді. Балалардың қауіпсіздігі үшін халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз материалдар пайдаланылады. Екі жыл бұрын жаңа балалар алаңдарын орнату бойынша арнайы тізім жасақталды. Тізім бойынша алдағы уақытта 100-ден астам нысан жаңартылады. Ойын ойнауға арналған құралды орнатумен қатар, аумағын да абаттандырамыз. Мәселен, шағын сәулеттік формалар қойылады. Тартан жабындылар да қарастырылған, - дейді Жансерік Қапзолла.
Бүгінде тұрғындар тарапынан жаңа ойын алаңын ортану бойынша 250-ге жуық өтініш түскен. «100 аула» жобасы шеңберінде жұмыстар жалғасын табады. Сала мамандарының айтуынша, өтініштер күнбе күн түсіп жатыр. Аулаларды орнатуда коммуналдық желілердің орналасуы ескеріледі. Себебі нысан су немесе жылу жүйелерінің үстінде болмауы тиіс. Бүгінгі күні 100 ауланы орнату бойынша мемлекеттік байқау жарияланған. Мердігер ұйым анықталған соң бюджеттен қаражат бөлінеді.

Өзгелердің жаңалығы