Павлодар облысында тағы бір апатты мектеп жойылады

14 Сәуір 2023, 17:33
1122
Бөлісу:
Павлодар облысында тағы бір апатты мектеп жойылады
Фото: egemen.kz

Ертіс өңірінің Железин ауданындағы апатты мектептің орнына жаңа ғимарат салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жаңа білім беру ошағы заман талаптарына сай жинақталады. Техникалық тексеру барысында апатты деп танылған мектеп Железин ауданының Моисеевка ауылында орналасқан.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, мектептің жағдайы соңғы үш жыл бойы алаңдатып келеді.

Бірнеше жыл қатарынан апатты күйде болған нысанды сүріп, жаңа мектеп салу туралы ауыл азаматтары өтініш білдірді. Биыл 100 орындық білім беру объектісі салына бастайды. Заманауи мектеп Баянауыл ауданының Қаражар ауылында және Павлодар ауданының Сычевка ауылында да бой көтереді, - дейді аймақ басшысы.

Соңғы екі жылда Железин ауданында сегіз орта мектеп жаңартылды. Олардың бесеуі күрделі жөндеуден өтті. Нысандарда соңғы 40-60 жылда бірде бір рет күрделі жөндеу болмаған. Сонымен қатар, Алакөл және Михайловка ауылдарында жасанды жабындысы бар алаң қолданысқа берілді. Ал биыл Озерной елді мекенінде шағын футбол алаңы пайда болады. Ауыл оқушыларының игілігіне 15 млн теңге бөлінді.

Айта кетейік, Павлодар облысында үш апатты мектеп бар. Олардың барлығының орнына жаңа нысандар салынады.

Өзгелердің жаңалығы