Павлодар облысында су басу қаупі бар жерлерден қар шығарылуда

24 Ақпан 2021, 19:43
1838
Бөлісу:
Павлодар облысында су басу қаупі бар жерлерден қар шығарылуда
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында төтенше жағдайлар және коммуналдық қызмет өкілдері көктемгі су тасқыны кезеңіне қызу дайындалуда. Қазіргі уақытта су басу қаупі бар жерлерден қар шығарылуда. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, бүгінде облыс бойынша қар жабындысының биіктігі 22 сантиметрді құрайды. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішке қарағанда 23%-ға төмен. 

Десе де, ауа температурасы күрт көтерілсе, су төменде орналасқан елді мекендерде жиналуы мүмкін. 

Бұған дейін Баянауыл ауданындағы сегіз елді мекен, Ақтоғай ауданындағы және Екібастұз өңіріндегі үш елді мекенді тексердік. Баянауыл ауданы басты назарымызда. Себебі қатты желдің салдарынан қар массалары автомобиль жолдарының бойы мен ауылдардың аумағына жиналып қалған. Бұл аумақтарды қардан тазалаймыз, - дейді Ернұр Өтегенов. 

Айта кетейік, Баянауыл ауданындағы «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновский» тас жолын жыл сайын су шайып кетеді. Әсіресе жолдың 101-шақырымы су астында қалып жатады. Сондықтан осы көктемде бұл учаскеде көпір бой көтермек. Тасқынға қарсы шаралар Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Шолақсор» тас жолында да қолға алынды. Өткен жылы судың жайылуын алдын алу мақсатында төрт мың шаршы метрлік шұңқыр қазылған. 

Қар тазалау жұмыстары Павлодар қаласында да қызу жүргізілуде. Осы уақытқа дейін облыс орталығынан 448 мың тонна қар сыртқа шығарылды.

Мамандардың айтуынша, Павлодарда су басуы ықтимал 61 учаске бақылауға алынды.

Өзгелердің жаңалығы