Павлодар облысында қаңғыбас жануарларға арналған уақытша 300 орындық нысан пайда болады

3 Наурыз 2022, 19:27
1883
Бөлісу:
Павлодар облысында қаңғыбас жануарларға арналған уақытша 300 орындық нысан пайда болады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңнама талаптарын орындау мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынды.

Айта кетсек, үстіміздегі жылдың бірінші наурызынан бастап қараусыз қалған ит-мысықтарды атуға, ұстауға және оларға қатыгездікпен қарауға тыйым салынған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аймақта қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға арналған орталық салынады. 

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтың айтуынша, бұдан былай дені сау қаңғыбас ит-мысықтарды өлтіруге тыйым салынып, төрт аяқтылар міндетті түрде вакциналанады. Сондай-ақ, оларды залалсыздандырылып, адамдарға қауіп төндірмейтіндерін еркіндікке босату қарастырылған.

Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үй-күйсіз жануарлар туралы хабарламалар көбейіп кетті. Ит-мысықтарды далаға тастап кету деректері жетіп артылады. Енді бұл әрекетке жауапкершілікпен қарау керек. Бұдан былай жануарларға қатысты ветеринариялық шараларды тек мамандар атқаруы тиіс. Жануарларды ұйықтатумен де мал дәрігерлері айналысу қажет. Қандай да бір қайшы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, - дейді Мейрам Өтешов. 

Еске салсақ, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке қою міндеттеледі. Тіркеу жұмыстарын облыстық ветеринариялық станция мамандары жүргізеді. Үй жануарының иесі ауысқан жағдайда да мемлекеттік орган мамандарына ескерту қажет. Әр ит-мысықтың жеке номері болады. 

Бүгінгі таңда  қаңғыбас иттерді ұстайтын уақытша орынға арналған 300 орындық баспананың жері анықталды. Нысан Шығыс өнеркәсіптік аумақта бой көтермек. Құрылыс барысында санитарлық талаптар сақталады. 

Бұл іспен жеке кәсіпкерлер де айналыса алады. Заңнама жүзінде рұқсат бар.  Қаңғыбас жануар орталыққа әкелінген соң міндетті түрде стерильдеу және екпе салу жүргізіледі. Төрт аяқталыр екі ай бойы уақытша орында болған кезде жануардың иесі ізделеді, - дейді облыс әкімінің орынбасары. 

Жыл басынан бері Павлодар қаласында 700-ден астам қаңғыбас ит-мысық ұсталды. Ал өткен жылы 12 мыңнан астам жануар ветеринарлардың қолына түскен. Сала мамандарының айтуынша, көше кезіп жүрген жануарлардың басым бөлігі - тастанды ит-мысықтар. Көбін қожайындары сатып алып, кейін бас тартқан. 

 

Өзгелердің жаңалығы