Павлодар облысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңнамасы бұзылған

14 Қыркүйек 2022, 15:19
1018
Бөлісу:
Павлодар облысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңнамасы бұзылған
Фото: автордан

Ертіс өңірінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау Заңнамасы талаптарын сақтау бойынша тексеріс жүргізіліп, олқылықтар анықталды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ  тілшісі. 

Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы әлеуметтік қызметтермен қамту және әлеуметтік қорғау талаптарын сақтау бойынша 43 тексеріс жүргізілді.

Павлодар облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Евгений Губаревтің айтуынша, тексеріс барысында 157 бұзушылық тексерілді. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға 37 ескерту жасалды.

Тексеріс және профилактикалық бақылау шеңберінде пандустардың талапқа сай келмейтіні анықталды. Санитарлық-тұрмыстық ғимараттарда мүгедектердің көліктеріне арналған орындар, тактильді жолақтардың болмауы сияқты деректер де анықталды. Ғимараттардың кіреберісінде мекеменің атауы жөнінде Брайль шрифтімен жазылған ақпараттар болмай шықты. Сонымен қатар, көзі нашар көретін азаматтар үшін тактильді бағыттауыштар қарастырылмаған, - дейді Евгений Губарев.

Бұл заңбұзушылықтар үшін 50-400 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бүгінгі күні қала-аудандық прокуратура өкілдері тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықтарға жол бергендерге қатысты 53 әкімшілік іс қозғады. Айыппұлар өндірілді. Тексерілген нысандардың қатарында алты медициналық-әлеуметтік мекеме бар. оларға қатысты 8 іс қозғалып, 3 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар, өзге нысандарға қатысты 45 әкімшілік іс қозғалып, 8 миллион теңгенің айыппұлы өндірілді. Бір іс соттың қарауында, - дейді Евгений Губарев. 

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау жалғаса бермек. 

Өзгелердің жаңалығы