Павлодар облысында инсульт алған адамдар саны артуда

10 Маусым 2021, 23:13
1388
Бөлісу:
Павлодар облысында инсульт алған адамдар саны артуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер өңірде инсультке шалдыққандар санының көбейгенін және «жасарып» бара жатқанын айтады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Мамандар аурудың негізгі себептері адамдардың уақтылы тексерілмеуі, дұрыс тамақтанбауы және зиянды әдеттерге әуестік екенін ескертеді.

Облыстық денсаулық  сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, облыстық кардиологиялық орталығы жанындағы инсульт орталығы ашылғаннан бері 200-ге жуық науқас қабылданды. Орталықта миокард инфаркті мен инсультке шалдыққан науқастарға жедел көмек көрсетіледі. Триаж жүйесі бойынша пациенттер екі бағытқа, яғни ауыр және шұғыл болып бөлінеді.
«Қызыл жолақтағы» жедел жәрдем бригадалары геморрагиялық инсультпен түскен ауыр науқастарды қарқынды терапия бөліміне жеткізеді. Орташа ауырлық дәрежесіндегі науқастар «сары жолақ» бойынша қабылданады. Әдетте, бұл ишемиялық инсультке шалдыққан адамдар – олар инсульт бөліміне орналастырылады. Мұнда емді өңір аудандары мен облыс орталығынан жеткізілген адамдар алады, – дейді  басқармада
Инсульт орталығындағы қарқынды терапия палатасы өкпені жасанды желдету аппараттарымен, дефибрилляторлармен және электрокардиографтармен жабдықталған. Орталықта инсульттан кейінгі науқастарды қалпына келтіруге арналған ерте оңалту бөлімінің қызметі ұйымдастырылған.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды өз денсаулығына дер кезінде назар аударып, скринингке уақыт тауып, осы арқылы өздері мен жақындарын аурудың ауыр зардаптарынан сақтауға шақырады.

Еске сала кетейік, облыстық кардиологиялық орталығы жанындағы инсульт орталығы 10 ақпаннан бастап қызмет көрсетіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы