Ертіс өңірінде қансорғыш жәндіктер дернәсілдерінің таралуы бойынша фенологиялық зерттеулер басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Фенологиялық зерттеулер Ақсу қаласына қарасты аумақта жүргізіліп жатыр. Бұл жерде Ертіс өзеніне жақын орнласқан 18 ауыл бар. Қансорғыш жәндіктердің күрт таралуын болдырмау үшін биыл шыбын-шіркейге қарсы өңделетін жайылымдық аумақ 3 есе ұлғайды.
Айта кетейік, өңірдегі су айдындарында тіршілік ететін шыбын-шіркейлердің дамуы ғылыми топтың күнделікті бақылауында. Бүгінде Ақсу қаласындағы жайылымдық жерден алынған сынама нәтижесінде бір шаршы метрлік суда 150-500 дернәсіл болатыны анықталды.
Су температурасы +16 градустан асқан кезде дернәсілдер бірінші кезеңнен екінші кезең бойынша дамиды. Осыған байланысты жайылымдық аумақтарды әуеден және локалды түрде өңдеу басталды. Жәндіктерге қарсы күре сжұмыстары барысында «Бактицид» биологиялық препаратын пайдаланамыз. Ол қоршаған ортаға және адамдар үшін қауіпті емес, - дейді ғылыми топ өкілдері.
Қансорғыштардың жаппай қанатқа тұруына жол бермеу үшін барьерлік өңдеу де жүргізілмек. Сонымен қатар фенологиялық бақылау күнбе күн жүргізіледі.
Айта кетейік, күрес жұмыстары үшін биологиялық құралдардың 100 тоннасы әзірленді. Дезинсекциялық жұмыстарға үш жылға 1,5 млрд теңге бөлінген.