Павлодар облысында дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылды

16 Шілде 2020, 07:18
1455
Бөлісу:
Павлодар облысында дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасымен "Павлодар" ӘКК және Қазақстанның ірі фармацевтикалық компанияларының бірі келісім жасасты, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оған сәйкес, тұрақты жеткізілімдерден басқа, облыс дәріханалары қосымша дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмекпен, вирусқа қарсы препараттармен, сондай-ақ антибиотиктермен және антикоагулянттармен (барлығы 37 аталым) қамтамасыз етіледі. Осы шартты орындау үшін фармацевтикалық компанияға қайтару және мақсатты пайдалану шарттары бойынша 220 миллион теңге көлемінде айналымдық заем берілді.

Келісім бойынша келесі аптаның бірінші жартысында дәрі-дәрмектердің алғашқы легі жеткізіледі деп күтілуде.

Осылайша, Павлодар облысының дәріханалары әрдайым дәрі-дәрмектердің кем дегенде бір айлық қорымен қамтамасыз етілетін болады.

Осы келісімді жасасу аясында дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмау мақсатында Кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаменті және "Қазмедфарм" Павлодар облысының дәрігерлері, провизорлары мен фармацевттері қауымдастығы меморандумға қол қойды.


Өзгелердің жаңалығы