Павлодар облысында бір күнде 13 мың ағаш отырғызылуда

25 Сәуір 2021, 07:30
1597
Бөлісу:
 Павлодар облысында бір күнде 13 мың ағаш отырғызылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Таза Табиғат» ұлттық жобасын іске асыру аясында Павлодар облысында бірден бірнеше акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұлттық жоба аясындағы «Мекенім – жасыл орман» ағаш отырғызу, «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту» бұлақтардың көзін ашу, «Бірге таза Қазақстан» сенбілік, «Таза су айдындары» су айдындарын қоқыстан тазарту жобаларын қолға алды.

Басқарманың орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Бещенбаев облыста бір күнде 13 мың түп ағаш отырғызылып жатқанын атап өтті.
Бүгін акция аясында қалалық саябақта ағаш отырғызып жатырмыз. Бұған тұқым бақтары демеушілік жасады. Қарағай, бадам сияқты ағаштың 4 түрін егіп жатырмыз. Осы ағаштарға саябақ басшылығы қарайтын болады. Бүгін облыс бойынша акция аясында 13 мың ағаш отырғызылады, – деді Талғат Бещенбаев.

Қалалық саябақта аталған басқарма қызметкерлері, ардагерлер, Jas Otan жастар қанаты, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің өкілдері 60 көшет отырғызды.

Ағаш отырғызуға қатысқан ардагер, Павлодар облысының құрметті азаматы Нұрлан Набиев шаһардағы саябақтарда ағаштарды жаңартатын уақыт келгенін айтты.

Павлодар өзіміздің туған қаламыз. Осы қалада әкем, атам туған. Енді балам, немерелерім бар. 5 ұрпақ тұрдық. Әрине, қаламыздың жайқалып тұрғанын қалаймыз. Мен осы саябақта өстім. Бүгін басқарма шақырып, игі істі қолға алуда. Жаңа ағаштар отырғызылуда. Жалпы, қаладағы саябақтарда ескі ағаштар көп. Оларды жаңартатын уақыт келді. Оған барлық облыс, қала тұрғындары ат салысуы керек, – деді Нұрлан Набиев.


Айта кетейік, басқармамен бұған қоса акция аясында «Зеленстрой» шағын ауданының артындағы Жасыл аймақта, Усолка өзені жайылмасының учаскесінде, сондай-ақ Кенжекөл ауылының маңында су қоймаларын қоқыстардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы