Павлодар облысында бір ауылдың балалары көрші облысқа барып оқиды

25 Тамыз 2020, 02:30
2191
Бөлісу:
Павлодар облысында бір ауылдың балалары көрші облысқа барып оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында бүтін бір ауылдың балалары мектептің жоқтығынан Қарағанды облысында білім алуға мәжбүр.

Баянауыл ауданына қарасты Мұрынтал ауылындағы бастауыш сыныптарға арналған мектеп 2005 жылы ғана салынған. Қазір қаңырап бос тұр. Ал ауыл балалары басқа облысқа уақытша тіркеліп, білім алып келген, деп хабарлады "Астана" телеарнасы. Мұрынталда 70-ке жуық тұрғын бар. Жалпы, бұл елді мекен аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта жатыр. Тұрғындардың көбі балаларын ауданға жібергеннен гөрі, көрші тұрған Қарағанды облысының ауылдарына оқытқанды жөн санайды. Өйткені, шекарада орналасқан елді мекендердің арасы – 25 шақырым.

Енді осы ауылда дым қалмады, бәрін жауып тастады. Ал мына көршілес Қарағанды облысының осындай шағын ауылдары бар. Оларда осы бір-екі жыл болды, мына жерде Шалқар деген ауылында шағын мәдениет үйінің өзін жөндеп, штат ашып қойды, - дейді ауыл тұрғыны Үйсін Әжібаев.

Аудан әкімінің орынбасары бастауыш мектептің 2005 жылы ашылғанын айтты. Бірақ, 3 жыл бұрын 6 бала ғана қалғандықтан, оны жауып тастапты. Орнына оңалту орталығын ашпақ болған. Алайда, қиырдағы ауылдан мүгедек балаларға орталық ашу тиімсіз деп, істің басталмай жатып тоқтағанын мойындайды.

Сараптама жасаймыз. Балалар саны, халық саны қанша екен ол жерде?.. Жалпы, ендігі жылдары жалпы бастауыш сыныпқа баратын балалардың саны үзілмеуі керек. Жылда көтерілу керек, - деді Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Анар Бәденова.

Сонымен, Мұрынтал ауылындағы мектепте 8 оқу кабинеті, спорт залы, кітапханасы, тіпті, ғимаратта орналасқан жылы дәретханасы да бар. Өкініштісі, оқу ордасы қазір қаңырап бос тұр. Өйткені, елді мекенде қазір 15-ақ оқушы қалған.

Өзгелердің жаңалығы