Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынады

9 Сәуір 2023, 13:19
1096
Бөлісу:
Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде бір жұмадан соң уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жалпы, облыс аумағында балық ресурстарының қоры Ертіс өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы арна, сондай-ақ, жергілікті маңыздағы 265 ірілі-кішілі өзен-көлдерінде бар.

Қазіргі уақытта балық шаруашылығымен айналысатын 60-қа жуық су айдыны бар. Олар 31 табиғат пайдаланушының иелігінде. Бұл су айдындарында сәуірдің 15-нен 30-шы мамырға дейін балық аулауға рұқсат етілмейді. Осы кезеңде кез келген заңбұзушылық анықталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, - дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай.

Өткен жылы уылдырық шашу маусымында балық аулау, құралдарды пайдалану бойынша 36 дерек тіркелген. Инспекторлар 31 ау, 150 келі балық, қайықтар тәркіленіп, заң бұзған балықшыларға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, заңсыз орнатылып, иесіз қалған 41 ау табылды. Бүгінгі күнге дейін айыппұлдардың барлығы өндірілді.

Сала мамандары осы аралықта «Таза су айдындары» экологиялық акциясын ұйымдастырмақ. Шара барысындабалық шаруашылығы нысандарының аумағы қатты қалдықтарынан тазартылады. Өткен жылы екі мың шақырымдық иесіз аулар табылып, үш тоннадан астам қоқыс жиналды. Мамандардың айтуынша, тазартылатын аумақтар жыл сайын қоқыстан арылмайды. Табиғат аясыннда демалған халық қоқыс көптеп тастап кетеді.

Айта кетейік, уылдырық шашу кезінде балық аулағандарға жеке тұлғалар үшін 10 АЕК, жеке кәсіпкерлер үшін 30 АЕК, орта кәсіпкерлерге 50, ал ірі кәсіпкерлерге 100 АЕК көлемінде әкімшілік жаза тағайындалады.

Өзгелердің жаңалығы