Павлодарда бағаны болжауға арналған цифрлық платформа жасалады

29 Қаңтар 2021, 01:19
1176
Бөлісу:
Павлодарда бағаны болжауға арналған цифрлық платформа жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері облыста құс еті мен күнбағыс майы қымбаттады. Сонымен қатар, өңірде нан, қарақұмық, май, картоп пен сәбізді елдегі ең арзан бағамен сатып алуға болады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында өңірлік кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуге арналған жұмыстар туралы баяндады.
Статистикаға сүйенсек, елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің 12-сінің бағасы орташа республикалық деңгейден төмен. Ал, 5 тауар бойынша біздің облыста ең төмен баға сақталған, - деді Айбек Тұрсынғалиев.
Басқарма басшысы еліміздегі ең арзан бағалардың бірі  – Павлодар базарынан сатып алуға болатын нан, қарақұмық, май, картоп, сәбіз, сиыр еті екенін айтты.

Алайда, облыста тауық еті республикада ең жоғары бағаға ие. Сондай-ақ соңғы уақытта облыста ірімшік пен күнбағыс майының бағасы екі есеге өскен.

Өңірдегі бағаларды ұстау үшін тұрақтандыру қоры құрылды. Оның аясында 2,8 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 11 түр бойынша 5,8 мың тонна өнім бар. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бөлшек саудада шекті мөлшерден асқан жоқ. 2020 жылы Павлодарда екі тауар түрі бойынша баға қымбат болды: қант, сәбіз және картоп. Ақсуда қант пен сәбіздің бағасы өсті, - деді Айбек Тұрсынғалиев.

Айбек Тұрсынғалиев биыл бағаны ұстап тұру үшін 2 пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Біріншісі – әлемдік және ішкі нарықтардағы бағаны жүйелі бақылауға мүмкіндік беретін бағаны болжаудың цифрлық платформасын құру. Екінші жоба – «Әлеуметтік азық-түлік картасын» құру. Бұл арқылы ұсынылған халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған, - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, облыстағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 16 түрін 25 сауда нүктесінде шекті мөлшерден аспайтын бағамен сататын 2 кәсіпорынмен келісім жасалды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың төрағалығымен тұрақты комиссия құрылды. Ол күн сайын дүкендердегі бағаларды бақылап отырады. Оған қоса, басқарма жанында 8 705-609-20-74 нөмірінде «жедел желі» және «WhatsApp арнасы» жұмыс істейді. Онда тұрғындар бағалардың негізсіз қымбат екендігіне шағымдана алады.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодарда бағалар мониторингісімен 900-ден астам дүкен қамтығанын, бірақ іс жүзінде бағаны олардың оннан бірінде ғана бақылауға болатындығын атап өтті.

Облыс орталығында сатып алушылар көп болатын және сәйкесінше бағалар көп өзгерген дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қадағалау үшін мониторинг ауқымын кеңейту қажет. Жағдайды қадағалау керек және заманауи технологияларды қолдана отырып, тұрақты топ құру керек, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Өзгелердің жаңалығы