Жаз келгелі Павлодар облысында 70 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Олардың үшеуіне кене риккетсиозы диагнозы қойылды. Азаматтар инфекциялық ауруханада ем алды. Ал өткен кезеңде 100-ге жуық жағдай тіркелген.
Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, өңірде кенелердің белсенділігі мамыр айының соңында басталды. Сәйкесінше зоологиялық топ сәуір айынан бері мониторинг шараларын қолға алды.
Облыс аумағында тіршілік ететін жәндіктер кене энцефалитін тудырмайды және адам өміріне қауіпті емес. Дегенмен, бұл ауру өңірда таралуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Облыста кенелер көбінесе Павлодар, Ақсу қалалары, Аққулы, Май, Шарбақты аудандарындағы жайылымдық жерлерде жиі кездеседі. Алайда, қауіпті жәндіктер кене риккетсиозын тудырады. Өткен эпидемиологиялық кезеңде осы дертті жұқтырудың тоғыз дерегі тіркелген. Науқастардың барлығы жазылып кетті, - дейді Батырбек Әлиев.
Зоологиялық топ мүшелері профилактикалық шаралар аясында кенелерді жинап, қауіпті инфекциялық аурулар бойынша зерттеу жүргізеді. Былтыр 15 мынан астам кене зертханаларға жеткізіліп, инфекциялық ауруларды тудыратын кенелер анықталған жоқ. Ал осы жылдың бес айы ішінде мамандар он мыңға жуық кене жинап, риккетсиоз, энцефалит, туляремия сияқты қауіпті ауруларды тарататын жәндіктерді таппады.
Мамандардың айтуынша, кене риккетсиозы ауруы көбінесе жеңіл формада өтеді. Тек жәндік шаққан кезде қызару пайда болып, дене температурасы көтерілуі мүмкін. Дегенмен, бұған атүсті қарамаған жөн. Ауру белгілері пайда болған бойда инфекционист-дәрігердің көмегіне жүгіну керек.