Павлодар облысында 500 мыңнан астам үй құсына екпе салынады

13 Мамыр 2021, 18:25
849
Бөлісу:
Павлодар облысында 500 мыңнан астам үй құсына екпе салынады
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес шаралары басталды.

Алдағы уақытта дертке қарсы екпе 500 мыңнан астам құсқа салынады деп күтілуде. Вакцинаның алғашқы партиясы облыс аумағына әкелінген.

Екпе бірінші кезекте өңірдегі төрт құс фабрикасындағы қанаттыларға салынды. Бұл өндіріс ошақтарындағы құстар түгелдей иммундау шараларымен қамтылды. Облыс орталығына жақын маңдағы Кенжекөл ауылында вакциналау шаралары басталды.

Ауылдағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі Аслан Жасұлановтың айтуынша, бүгінгі таңда екпе салдыру тұрғындардың өтініштері бойынша жүргізіліп жатыр.

Ауыл тұрғындары хабарласып жатыр. Осы күнге дейін 600 құсқа екпе салдық. Қазіргі уақытта шаралар жалғасын табуда. Кенжекөлде бас-аяғы 1300-ге жуық тауық-үйрек бар. Қанаттылардың барлығы қамтылады деп күтілуде, - дейді Аслан Жасұланов.

Облыстық ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, облысқа 503 мың вакцина дозасы бөлінді. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 300 мыңға жуық құс екпе алады. Былтырғы жылы құс тұмауының ошақтары анықталған аудандарға басымдық берілмек.

 Еске сала кетейік, былтырғы жылдың күзінде облыста құс тұмауы таралды. Дертпен күрес шеңберінде Баянауыл, Тереңкөл, Павлодар, Успен және Ертіс аудандарында 28 мыңнан астам құс жойылды. Халықтан алынған құс үшін өтемақы төленді. Сала мамандарының айтуынша, бұған облысқа 88 млн теңге бөлінген.



Өзгелердің жаңалығы