Павлодар облысында 260-тан астам грант пен 136 микрокредит берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар облысында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде биыл 463 грант және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға 157 микрокредит беру көзделген. Бүгінгі таңда 263 грант пен 136 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өз істерін сәтті іске асыруда.
Гранттардың көпшілігі, яғни 47,9%-ы немесе 126 грант мал шаруашылығына, 36,9%-ы немесе 97 грант технологиялық жабдықтарды сатып алуға берілді.
Биыл 11 қыркүйекте басталатын үшінші лекте облыс бойынша 200 грант беру жоспарланған. Жалпы республика бойынша 3 780 грант беру жоспарлануда.
Бұдан басқа осы жылдың басынан бастап жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жылдық 2,5%-бен микрокредит беру түрінде жәрдемдесу шарасы көзделген. Павлодар облысында жастар үшін 157 микрокредит беру жоспарланған, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 785 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 530,4 млн теңгеге 136 микрокредит берілді.
Жас кәсіпкерлерге микрокредиттер үздік бизнес-жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның шешімі негізінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ атынан сенім білдірілген агент арқылы беріледі.
400 АЕК көлемінде грант алушылардың бірі Екібастұз қаласының тұрғыны Светлана Лейс. Ол мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы туралы әлеуметтік желілерден біліп, қатысуға шешім қабылдаған.
Ақпан айында қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, барлық қажетті ақпаратты алдым. Нәтижесінде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, сертификат алдым, – деді Светлана.
Осы жылдың мамыр айында Светлана мемлекеттік грант алуға «көпбалалы отбасы» санаты бойынша өтінім берді. Бөлінген қаражатқа кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, торттарды безендіруге арналған түрлі жазулар, декорациялар, гүлдер шығаратын цех ашты.
Оның айтуынша, шоколадтан жасалған мүсіншелер қазіргі уақытта торт жасаушылар мен түрлі кондитерлік өнімдерін өндірушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие. Болашақта Светлана үлкен цех ашып, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр.
Жастар арасынан микрокредит алып, оны табысты жүзеге асырғандардың бірі Павлодар қаласының тұрғыны Дина Әбенова. Осы жылдың сәуір айында жас кәсіпкер өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғап, 5 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алғаннан кейін фаст-фуд өнімдерін дайындауға қажетті жабдықтар сатып алды.
Бөлінген қаражатқа «KOBRA DOGS» атты фаст-фуд мейрамханасын аштым. Бүгінде мейрамханама келушілер саны күннен-күнге артуда. Бұл өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін өте жақсы мүмкіндік, мемлекеттің жастарға деген ерекше қолдауының арқасында өз арманымды жүзеге асырдым, – деп бөлісті жас кәсіпкер.
Өңірлерде үміткерлерге консультациялар беру және грант алуға және микрокредит беруге де өтінімдер қабылдау бойынша жұмыстар жалғауда.