Павлодар облысында 168 жер учаскесі кіріс органдарына тіркелмей, салдарынан мемлекет бюджетіне 20 млн теңгеден астам салық түспей қалған. Жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарға қатысы бар 20 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы прокуратурасының алқасы 2022-2023 жылдар бойынша жер қатынастары саласындағы тексерулердің нәтижелерін қарастырды. Прокурорлық тексерулер заңбұзушылықтардың жүйелі түрде жасалатынын көрсетіп, кейбір жағдайларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Атап айтқанда, жерді мақсаты бойынша пайдаланбау, учаскелерді өз бетінше басып алу, жалдау шарттарын негізсіз ұзарту, алыпсатарлық, жерді қайтару көрсеткіштерін асыра бағалау, қалалардағы бас жоспарлар мен аудандардағы жер-шаруашылық құрылғыларының жобаларымен қоса, қала құрылысы құжаттарын сақтамау фактілері болған. Павлодар облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің жұмысы тиімсіз деп танылды. Мәселен, тиісті талаптардың қанағаттану деңгейі небәрі 30%-ды құраса, 170-ке жуық нұсқаманың орындалуы бақыланбаған. Сондай-ақ 168 жер учаскесі бойынша материалдар мемлекеттік кіріс органдарына жіберілмегендіктен, бюджетке 20 миллион теңгеден астам салық түспеген, – деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Прокурорлар қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық істі тіркеп, сотқа жіберді. Бұған қоса, 20 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Өңір бойынша жалпы аумағы 210 мың гектар жерді беру туралы конкурстардың нәтижесі, сондай-ақ үш егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жойылды.