Павлодар облысында 117 мобильдік бригада жұмыс істейді

24 Шілде 2020, 23:11
1285
Бөлісу:
Павлодар облысында 117 мобильдік бригада жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында  жыл соңына дейін 1,4 млн  пациенттің  үйіне барып қызмет  көрсету үшін емханалардағы мобильді бригадаларға 7,7 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Елімізде Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері бар  пациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсету үшін 3 мыңға жуық мобильді бригада құрылды.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымовтың ақпараты бойынша, мобильді бригадалар 5 мың және одан да көп халыққа 1 мобильді бригада есебінен бекітілген халық санына байланысты емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанында уақытша құрылады.

Мобильді бригадалардың жұмысын өңірлердің денсаулық сақтау басқармасы жергілікті жерлерде ұйымдастырады. Қаржыландыруды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады. Халыққа мобильді бригадалардың қызметі тегін көрсетіледі. Павлодар облысында 117 мобильдік бригада құрылып, жұмыс істейді. Олардың жұмысы қор тарапынан тиісті көлемде қаржыландырылады. Жоғары температура, ЖРВИ белгілері бар, коронавирусқа немесе пневмонияға күдігі бар пациент жұмыс күндері сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін, ал қалған уақытта (сағат 18-ден кейін, демалыс, мереке күндері) 103 телефоны бойынша аумақтық емхананың тіркеу бөліміне жүгіне алады, - дейді Нұрлан Қасымов.


Емхананың  тіркеу бөлімінде  чек-параққа қарап  пациенттің жағдайын бағалайды. Оператор кейін емханадағы  фильтр кабинетіне  өтуге кеңес беруі мүмкін  немесе мобильді бригада ұйымдастырады.
Мобильді бригаданың құрамына дәрігер және\немесе медбике,  қажет болған жағдайда бейінді маман кіреді.

Мобильді бригадалар халыққа мынадай қызметтер көрсетеді:

1) пациентті алғашқы тексеру, ауырлық дәрежесін бағалау;
2) COVID-19 күдікті пациенттерді жедел және ПТР-тестілеу;
3) көрсеткіштер бойынша рентгенографияға немесе компьютерлік томографияға жолдама береді;
4) қандағы оттегінің сатурациясы 93% төмендеген кезде науқастың төсегінде консультациялық топ мүшесімен аудио-видеоконференция ұйымдастыра отырып, пульсоксиметрия жүргізу;
5) «COVID-19 Коронавирустық инфекция» диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрілік заттарды тағайындау;
6) үйде емдеу немесе стационарға жатқызу туралы мәселені шешу (бұл жағдайда мобильді бригада жедел жәрдем бригадасын шақырады).

Жағдайының ауырлығына қарай пациентке мынадай медициналық көмек көрсетіледі:
- амбулаторлық дистанциялық бақылау: күнделікті қоңырау шалу (мониторингтік топ);
- БМСК дәрігерінің қашықтықтан кеңес беруі;
- көрсеткіштер болған жағдайда бейінді дәрігердің қашықтықтан консультациясы;
- амбулаториялық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес: ауруханадан тыс пневмония кезіндегі ересектер үшін; пневмония, жоғарғы тыныс алу жолдарының немесе төменгі тыныс жолдарының жіті респираторлық инфекциялары, синусит/бадамша және аденоид аурулары кезіндегі балалар үшін;
- клиникалық хаттама бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда айғақтары болған жағдайда үйдегі стационар.


Медициналық сақтандыру қоры қор төлейтін қызметтердің сапасын жақсарту үшін пациенттер шағымдар мен ұсыныстармен 1406 байланыс орталығына жүгінуге, сондай-ақ оларды Qoldau24\7 мобильді қосымшасында қалдыруға болатындығын ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы