Ертіс өңірінде мал қорымдарын салу мәселесі өткір тұр. Қазір қалалар мен аудандарда 103 нысан салу қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаевтің айтуынша, былтыр мәселені шешу үшін мал қорымдарының орнына өлекселерді жағатын инсинератор сатып алынған. Алайда, аппарат қолайсыз болып шықты.
Мал қорымдары жарты ғасыр қызмет етуге қауқарлы. Ал инсинератордың шығыны көп. Мәселен, газ, жанар-жағармай көп керек. Сондықтан қорым жағу аппаратына қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірақ халықаралық стандарттарға сәйкес инсинератор үй жануарларына гуманистік көзқарастарға сай деген байлам бар. Десе де, біз мал қорымдарын пайдалану керек деген пікірдеміз, - дейді Асылтас Тілеубаев.
Мамандардың айтуынша, мал қорымдарының екі түрі бар. Біріншісі, типтік және екінші түрі – қарапайым. Алғашқы түрі ветеринарлық-санитарлық ережелерге сай салынса, екінші түрін қарапайым бетонды шұңқыр деп атауға болады.
Типтік қорымға жерасты сулары кірмейді. Облыс аумағындағы осы тектес нысандардың көбі 2015 жылы салынған. Ал қарапайым қорымдар кеңестік заманда пайдалануға берілген. Қазір осындай шұңқырларды салуға тыйым салынған. Қорымды күту экономикалық жағынан да тиімді. Бір объектіні салуға орташа есеппен 30 млн теңге жұмсалса, инсинераторды сатып алуға 20 млн теңге жұмсалады. Оған қоса, техникалық қолдау мен жөндеу шаралары қажет етіледі. Бір мал өлексесін жағуға 100 литрге жуық арнайы жанар-жағармай керек. Ал экологиялық жағынан, әрине жағу аппараттары тиімдірек, - дейді Асылтас Тілеубаев.
Бүгінгі таңда облыс бойынша типтік 33 және шұңқыр түріндегі 200-ден астам қорым бар.