Павлодар облысында кент әкімі 6 млн теңге жымқырған

22 Қаңтар 2019, 16:43
6381
Бөлісу:
Павлодар облысында кент әкімі 6 млн теңге жымқырған

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңгені жымқырған кенті әкіміне қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.

Брифинг барысында ресми өкіл Павлодар облысы Ленин кентінің әкіміне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Ол кәсіпкердің есеп айырысу шотына ақша аудару арқылы «Аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқыруда күдікті деп танылуда.Тергеу жалғасып жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар Жанна Бастарова Павлодар облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басқарма басшысының заңға қайшы әрекетінің жолы кесілгенін айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаментімен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол өрт қауіпсіздігі бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды мәжбүрлі орындау туралы материалды сотқа жолдамағаны үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілінен 500 мың теңге сомасындағы пара алды деген күдікті ілінді», - деді ресми.

Осы орайда ол күдіктінің кінәсін толық мойындауына байланысты оның қамауға алынбағанын, тергеу жалғасып жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін Зеренді ауданының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлағанбыз.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы