Павлодар қаласында 22 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ

23 Маусым 2021, 19:15
7216
Бөлісу:
Павлодар қаласында 22 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Павлодар қаласын көгалдандыруға баса назар аударылады.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, облыс орталығының аумағында 2850 ағаш отырғызу үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбек.

Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолланың хабарлауынша, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.

Сонымен қатар шаһар аумағындағы 62 арнайы гүлзарда түрлі сұрыпты гүлдер отырғызу жоспарланған. Кешенді шара аясында 15 мың шаршы метрлік аумаққа гүлдер егіледі. Облыс орталығындағы жасыл желек қорын жаңарту мақсатында санитарлық кесу жұмыстары жүргізіледі. 10 мыңнан астам ағаш түбі кесіледі. Қазіргі уақытта жұмыстар жүргізіліп жатыр және әкімдіктің жіті бақылауында, - дейді Жансерік Қапзолла.

Айта кетейік, Ертіс өңірінде кәсіпкерлер құрылыс барысында ағаш кесетін болса, оларға өтемдік өсімдіктерді отырғызуға талап қойылады. Қазіргі уақытта бір оталған көшеттің орнына 10 қарағай отырғызылуы тиіс. Өткен жылы 321 ағашты кесуге рұқсат етіліп, олардың орнына алты мыңға жуық түп егілді. Мамандардың айтуынша, олардың жерсініп кету деңгейі 83%-ды құрайды.

Өтемдік ағаштар қурап кеткен жағдайда жауапты мекемелерге хабарлама таратылады. Талап отырдалмаса, материалдар сотқа жіберіледі. Алайда экологтар өтемдік ағаштардың жағдайы үшін алаңдаулы. Олардың айтуынша, өсіміктерді күтуде жүйелілік жоқ.


 

Өзгелердің жаңалығы