Павлодар облысында күнбағыс пен қарақұмық алқабы артқан

8 Маусым 2021, 23:21
2097
Бөлісу:
Павлодар облысында күнбағыс пен қарақұмық алқабы артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар өңірінің ауыл шаруашылығы қызметкерлері егіс жұмыстарын 5 маусымда аяқтады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев мәлім етті. 
Биыл суармалы жерлердің көлемі 127 мың гектарды құрады. Бұл алқаптарда картоп – 14 мың га, көкөніс – 6 мың га және майлы дақылдар 3 мың га орналастырылады. Сондай-ақ, 20 мың гектарға жем-шөп дақылдарын егу жоспарлануда. Суармалы жерлердің ең ірі аудандары - Павлодар ауданында, Ақсу мен Екібастұзда орналасқан, – деді басқарма басшысы Нұрболат Мақашев.

Оның айтуынша, 27 мың гектарға жоспардан артық ылғал ресурстарын үнемдейтін технология қолданылады. Бұл әдіс құрғақшылық жағдайында әр гектардан 2-3 центнерден жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.

Өткен жылмен салыстырғанда күнбағыс пен қарақұмық егістіктерінің алқабы артқан. Күнбағыс – Тереңкөл және Успен аудандарында, қарақұмық – Успен және Шарбақты аудандарында көбірек егілген.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 4 млрд теңге несие берілді.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ астықты форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 518,5 млн теңге сомасына жеті өтінім берілді, бидайдың жалпы көлемі – 7,7 мың тонна, күнбағыс –1 мың тонна және қарақұмық 0,5 мың тоннаға берілді, – деп нақтылады ведомство басшысы.

Железин ауданының әкімі Қанат Қашкировтың сөзінше, аудандағы егіс көлемі 12 мың гектарға артып, 133 мың гектарға – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 19 мың гектарға – майлы дақылдар және 1650 гектарға картоп егілген.

Көктемгі дала жұмыстары аяқталды, енді көп нәрсе бізге байланысты емес. Бірақ егін шаруашылығы мәдениеті, агротехнологияларды, тыңайтқыштарды пайдалану және біздің АӨК секторының ұйымдастырылуы мамандарымыздың болжап отырған өнім көлемін қамтамасыз етуге тиіс, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Өзгелердің жаңалығы