Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстан жайлы пікірін айтып, өзі шығарған әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дуров Қазақстанға жасаған сапарында Астананы, Бурабайды және Алматыны аралап, сондай-ақ Шарын шатқалында болғанын жазды. Ол Telegram-дағы арнасында әсем Астана, үнемі қозғалыстағы Алматының, көркем Бурабай және ерекше Шарын шатқалының суреттерін жариялады.
Қазақстанның сұлулығымен оның амбициясы ғана бәсекелесе алады. Ел бизнеске қолайлы саясаты мен қолайлы салығымен халықаралық компаниялар мен технологиялық стартаптарды тартады, - деді ол.
Павел Дуров Қазақстан сондай-ақ инновациялық мектептер мен университеттерді қолдау арқылы білім мен ғылымдағы жетістіктерін жақсартып жатқанын атап өтті.
20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы Telegram-ды ай сайын пайдаланады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Біз қазақ халқының негізгі коммуникациялық алаңы болғанымызды мақтан тұтамыз және оның жылдам экономикалық және цифрлық трансформациясын жеделдететін құрал болып қала беретінімізге үміттенеміз, - деп жазды Telegram-ның негізін қалаушы.
Еске сала кетейік, маусымның соңында әлеуметтік желілерде Павел Дуровтың Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен бірге Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі кеңсесінде түскен видеосы жарияланған болатын.