Пациент консультациялық-диагностикалық қызметті 10 күннен артық күтпеуі тиіс

20 Қараша 2022, 15:30
1427
Бөлісу:
Пациент консультациялық-диагностикалық қызметті 10 күннен артық күтпеуі тиіс

Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы өткізген баспасөз туры барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың едәуір артуы көптеген сұранысқа ие бағыттар бойынша медициналық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. 

Медициналық қызметтерді көрсетуге арналған Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасай отырып, жеткізуші оларды толық көлемде ұсынуға міндеттеме алады және қолжетімділік пен сапа үшін жауапты болады. 

Қор тұрғындармен кері байланыс орнатып, тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Мысалы, бейінді мамандарға, диагностикалық қызметтерге жете алмау немесе оларды ұзақ күту, сол секілді учаскелік қызметтерді (жалпы практика дәрігері, терапевт-дәрігер, педиатр-дәрігер), жедел медициналық көмек бригадасын ұзақ күту, т.б. бойынша азаматтардан «емхана көрсетілімдер болса да, өткізу мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, консультациялық-диагностикалық қызметке жіберуден бас тартады» деген өтініштерді жиі аламыз. Мұндай жағдайда, қызмет жеткізуші Қор базасында тұратын медициналық ұйымдар қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті. Егер бірлесіп орындау шарты ешкіммен жасалмаса, онда пациентті осы қызмет түрі бойынша Қормен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының біріне жіберуге тиіс, жолдама бойынша көрсетілген қызмет қорытындылары негізінде шарт автоматты түрде жасалады. 

Жоспарлы медициналық көмек пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар мен жағдайлар кезінде көрсетілетініне және сәл кейінге қалдыру пациенттің жай-күйінің нашарлауына әкеп соқпайтынына қарамастан, пациент консультациялық немесе диагностикалық қызметті 10 күннен артық  күтпеуі тиіс. Бұл мониторинг ережелерімен бекітілген, - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ  Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

     Консультациялық-диагностикалық қызметті қалай алуға болады?

Кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті пациентке емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсетілімдер болса дәрігер КТ, МРТ немесе басқа да зерттеулер жүргізуге жолдама жазады. Қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациент «сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, өйткені емхана деңгейінде бұл қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі. 

Біздің емханамыздың диагностика бөлімшесінде бірнеше функционалдық диагностика кабинеттері жұмыс істейді. Түрлі зерттеулер жүргізіледі, соның ішінде: ЭКГ, Спирография, Тредмил тест, ХМЭКГ, АҚТМ (СМАД), УДЗ, компьютерлік томография, сондай-ақ рентген, флюоро, маммографиялық кабинеттер, мектептерге баруға мүмкіндік беретін флюорографиялық машина бар, эндоскопиялық кабинет жұмыс істейді. Сондықтан бізде сала мамандарының қолжетімсіздігі немесе ұзақ күту, диагностикалық қызметтер, учаскелік қызмет (ЖТД, дәрігер-педиатр) қабылдауын ұзақ күту, жедел медициналық жәрдем бригадасын ұзақ күту, т.б. себептерге байланысты пациенттер тарапынан шағым болған емес, - дейді Астана қаласындағы №9 емхананың функционалдық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Анира Әбеустанова.

Бейінді маман-дәрігерлердің консультациялары, КТ/МРТ, рентген және диагностикалық қызметтің басқа да түрлері МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша тегін көрсетіледі. Олар үшін  қосымша ақы талап етілмеуі керек. Егер емхана аталған қызметтерді өзі ұсына алмаса, онда орындау шарты бойынша пациенттің басқа клиникадан алуын қамтамасыз етуі тиіс.

Алайда пациент өз емханасына бармай, басқа медициналық орталықтарға тікелей барып, консультациялық-диагностикалық қызметті ақылы алатын жағдайлар да кездеседі.

Кейде біз әлеуметтік желілерден пациентке жолдама берілмегені және олар ақылы түрде қызмет алғаны туралы шағымдарды көреміз. Мұндай жағдайларда пациенттің құқығын қорғаушы ретінде Қор іске қосылады. Бірақ, кейде, тексеру нәтижесінде пациент тіпті өз емханасына жүгінбегені, бірақ дереу басқа жерде ақылы тексеруден өтуге шешім қабылдағаны анықталып жатады. Сондықтан, азаматтарды ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалануға шақырамыз. Егер проблемалар туындаса, алдымен емхананың Пациентті қолдау қызметіне хабарласып, өз құқықтарыңызды қорғаңыздар, – деп  кеңес береді ӘМСҚ елорда филиалының халықты ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова.

Өзгелердің жаңалығы