Пәтер ұрлығы: Ұрылардан қалай сақтану керек?

27 Қазан 2021, 17:40
35069
Бөлісу:
Пәтер ұрлығы: Ұрылардан қалай сақтану керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІІМ Криминалдық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Құдияр Нұрсейітов пәтер ұрлығы тақырыбы төңірегінде сұхбат берді. Ол ұрылардың қандай тәсілдерді жиі қолданатыны туралы айтып берді.

- Құдияр Асатуллаұлы, пәтер ұрлығы бойынша жыл басынан бері қанша қылмыстық іс тіркелді? Қылмыстық істердің өсу көрсеткіші қандай? Ашылу деңгейі қалай?
- Барлық ұрлық түрінің жалпы құрылымында пәтер ұрлығының үлесі 20,5%-ды құрайды, дегенмен залалы шамалы болған күнде де, тура осы қылмыс мүлік иелеріне айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жайлылығының жалпы деңгейіне жағымсыз әсер етеді.

Осыған байланысты мемлекет пен құқық қорғау органдарына осы қолсұғушылықтың алдын алу мен ашу бойынша ерекше міндеттер жүктеледі.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша пәтер ұрлығы 23,3%-ға төмендеген. Нықтырақ айтсақ, 11 516-дан 8 830-ға дейін азайған. Осы қылмыс түрінің ауыр санатының ашылуы 45,7%-дан 49,1%-ға жақсарған.

- ІІМ пәтер ұрлығының алдын алу бойынша қандай шаралар қабылдап жатыр?
- Пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық бастаманы іске асырып келеді.

Ведомстволық бағдарламалардың орындалуы пәтер ұрлығының алдын алуға оң әсер етуде, оның аясында тұрғын үйлердің аулаларында 54 мың, ал тұрғындардың өз бастамасымен 14 мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Жалпы қабылданып жатқан шаралар соңғы 5 жылда пәтер ұрлықтарының санын 67%-ға, яғни жылына 44 мыңнан 14 мыңға дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, Ішкі істер министрлігі тұрақты негізде республикалық жедел алдын алу іс-шараларын жүргізіп келеді. Мәселен, осы жылдың 19-21 мамыр аралығында елімізде кең ауқымды «Пәтер» алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Операция барысында 238 пәтер ұрлығы ашылды. Қылмыстық жауапкершілікке 294 пәтер ұрысы, оның ішінде 22 қылмыстық топ тартылды. Ұрланған мүлікті сататын 1,5 мыңнан астам орынға тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар пәтер ұрлығы дерегімен іздеуде жүрген 8 қылмыскер және 67 «негізді-күдікті» адам ұсталды.


Мысалы, Қостанай қаласында пластикалық терезелерді сығу арқылы 4 пәтер ұрлығын ұйымдастырған, бұрын сотталған екі жергілікті тұрғын ұсталды. Келтірген залал 1,5 миллион теңгеден асты. Ұрланған зергерлік бұйымдарды ломбардтар арқылы бірден сатып отырғандығы анықталды.
- Құдияр Асатуллаұлы, пәтер ұрлығы қай өңірлерде өршіп тұр?
- Пәтер ұрлығы бойынша көш бастап тұрған өңірлер – Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.
- Пәтер ұрлығын жасаған азаматтарға қандай жауапкершілік көзделген?
- 2020 жылы министрлік ұрлық жасаудың бірнеше мәрте жасалу белгілерін ауыр қылмыстар санатына жатқызуды көздейтін (ҚК 1-бабымен көзделген екі немесе одан астам әрекетті жасау) заңға тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық етті.

Қылмыстық кодекстің 188-бабында (Ұрлық):

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру –

мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 1000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық –

мүлкі тәркіленіп, 3000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Мынадай:

1) ірi мөлшерде;

2) бірнеше рет:

3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық –

мүлкi тәркiленіп, 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Мынадай:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) мұнай-газ құбырынан;

3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленiп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

- Пәтер ұрлығын ұйымдастыруда көбіне қандай тәсіл қолданылады?
- Айта кетерлік жайт, жеке мүлікті ұрлайтын тұлғалар өз дағдыларын және азаматтардың пәтерлеріне ену тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи техниканы, ұялы байланысты пайдаланады және есіктер мен құлыптарды ашуға арнайы бейімделген құралдарды жасайды. Тұрғын үйлерге ену үшін қаскүнемдер түрлі тәсілдерді пайдаланады: есіктерді бұзады, ашық терезелер, самалдықтар арқылы ішке енеді, пластик терезелерді ығыстырады, құлыптарға сәйкес келетін кілтті табады.

Ұрылардың әлеуметтік желілерді пайдалану деректері бар, ол жерде азаматтардың өздері ұрылардың тура солардың үйіне келуіне итермелейді, себебі «ашық» бейіндері бар, әлеуметтік желілерде шын мәнінде біле бермейтін «достары» көп, ол жерге көп ақпарат салады, мысалы келесі мазмұндағы ақпаратты салып қояды: «желтоқсанның 15-нен 17-не дейін отбасыммен Бурабайға кетемін», «31 тамызда әйеліммен Түркияға ұшып бара жатырмын!», «Теңізге де жеттім ғой!» немесе шет елде немесе қаланың сыртында жүргені туралы онлайн бейнежазба немесе суреттерді шығарады. Осы деректер әлеуетті қаскүнемдерге белгілі бір уақытқа тұрғын үйдің қараусыз қалатыны туралы ақпарат береді.
- Құдияр Асатуллаұлы, пәтер ұрлығын болдырмау үшін қандай кеңес бересіз?

- Пәтер ұрыларының құрбаны болмауларыңызға көмектесетін бірнеше кеңеске тоқталып кеткім келеді:

1) егер пәтерлеріңіз бірінші немесе соңғы қабатта, өрт баспалдағының, маңдайшаның немесе суағар құбырларының жанында орналасқан болса, терезе торкөздерін орнату туралы ойланғандарыңыз жөн;

2) терезені және самалдық есіктерін ашық қалдырмаңыздар;

3) бір-екі (жапқыш та және бекіткіш те) құлпы бар металл есіктердің орнатылуын қамтамасыз етіңіздер;

4) жазда, демалыс кезінде және мейрам күндері ерекше қырағы болуға тырысыңыздар, себебі осы кезеңдер пәтер ұрылары үшін анағұрлым қолайлы;

5) көршілермен дос болыңыздар және араласыңыздар, ұзақ уақыт болмаған кезде олар пәтерлеріңізге көз қырын салады және қандай да бір күдікті шу шыққан жағдайда дер кезінде полиция шақыра алады;

6) поштаны жәшіктен әрдайым алып отырыңыздар немесе таныстарыңыздан алып отыруын сұраңыздар;

7) әсіресе кешке қарай пердені жауып тұруға тырысыңыздар. Қылмыс жасамастан бұрын ұрылар терезені бақылайды;

8) ПИБ (КСК) бірлесіп үйдің кіреберісінде консьерж отырғызу, кіреберіс есігіне кодталған құлып қою немесе домофонға арналған кілттерді пайдалану мәселесін пысықтаңыздар;

9) кіреберісте және өздеріңіздің баспалдақ алаңдарыңызда жарықтың үнемі жақсы жануын қадағалаңыздар;

10) ірі ақша сомасын, сонымен қатар бағалы заттарды банкте немесе сейфте сақтаңыздар. Сіздер үшін сенімді болатын орындардың кәсіби ұрылар үшін қарапайым болуы мүмкін екенін есте сақтаңыздар.

Сонымен қатар азаматтардың өздерінің жинақ ақшаларын жиірек тығатын басты орындары: кір киім мен киім-кешек, жиһаз және музыкалық аспаптар, кітаптар, дискілер, фотоальбомдар, шкафтар мен антресольдар, тұрмыстық техника, ас үй аспаптары, кереуеттер мен көрпелер, суреттер мен айналар, едендегі және түсқағаздардың артындағы қуыстар.

- егер сіздердің үй телефондарыңызға әрдайым бейтаныс адамдардан қоңырау түсетін болса, осы орайда қоңырау шалушы үндемесе немесе нөмірмен шатасқан кейіп танытса, қырағы болыңыздар. Қаскүнемдер сіздердің қай кезде үйде болмайтындарыңызды анықтау үшін осы тәсілді жиі пайдаланады;

- ұрыны қорқытуға, сондай-ақ пәтер ұрлығын ашуға баспалдақ алаңында, лифтте орнатылған бейнедомофон және бейнекамера септігін тигізеді;

- осындай ұрлық түрінен сақтанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – пәтерді орталықтандырылған күзетке қою және жайды үрейлі дабылдаумен жабдықтау.

Өзгелердің жаңалығы