Армения премьер-министрі Никол Пашинян жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойылып, ратификацияланатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құжат екі ел арасында тұрақты әрі институционалды бейбітшілік орнатуға мүмкіндік береді. Бұл туралы APA агенттігі Sputnik Armenia-ға сілтеме жасап хабарлады.
Пашинян халыққа жолдауында осы мәселе бойынша өзінің саяси, моральдық және адами беделін толық жауапкершілікке алатынын айтты.
Армения премьер-министрінің сөзінше, жаңа Конституция қабылданған соң Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қою және оны ратификациялау ғана емес, институционалды бейбітшілікті қамтамасыз ету де жүзеге асады.
Ол сондай-ақ Конституция жобасы референдумда қабылданбаса, қызметінен кетуге дайын екенін тағы да мәлімдеді. Ал құжат мақұлданған жағдайда келесі сайлауда премьер-министр лауазымына кандидатурасын ұсынбайтынын айтты.
Бүгін Арменияның жаңа Конституция жобасы жарияланды. Құжаттың преамбуласында Арменияның Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жоқ.
Еске салайық, Арменияның Тәуелсіздік декларациясында Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар, соның ішінде бұрынғы Таулы Қарабақты Армениямен біріктіру қажеттігі туралы ереже қамтылған. Бұл декларация қазіргі Конституцияның преамбуласында көрсетілген.
Әзербайжан бұл мәселеге қарсы болып, Армения Конституциясына өзгерістер енгізуді екі ел арасында бейбіт келісімге қол қоюдың шарттарының бірі ретінде қарастырған.