Партиялар үшін тартыс әлі алда: Әрбір бесінші қазақстандық таңдауын жасамаған

Қазақстандықтардың 87,8%-ы елдің даму бағытын қолдайды.

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 10:57
Бүгiн 2026, 10:57
152
Фото: ©BAQ.KZ

DATAMetrics зерттеу компаниясы 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сауалнама "face-to-face" форматында, яғни респонденттермен бетпе-бет сұхбаттасу арқылы ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысты.

Зерттеу барысында азаматтардың елдің қазіргі даму бағытына қатысты көзқарасы бағаланды. Бұл көрсеткіш қоғамның мемлекеттік саясатты қаншалықты қолдайтынын айқындайтын негізгі индикаторлардың бірі саналады.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің 87,8%-ы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтқан.

Зерттеу аясында азаматтардың сайлауға қатысуға деген дайындығы да сараланды.

Сауалнама жүргізілген кезеңде Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлау күні әлі белгіленбеген болатын. Осыған байланысты қатысушыларға: "Егер алдағы жексенбіде Құрылтай (Парламент) сайлауы өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?" деген сұрақ қойылған.

Нәтижесінде респонденттердің басым бөлігі сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірді. Атап айтқанда, азаматтардың 75,6%-ы сайлау учаскесіне барып дауыс беруге дайын екенін айтқан. Оның ішінде 44,2%-ы міндетті түрде дауыс беретінін мәлімдесе, 31,4%-ы сайлауға қатысуы ықтимал екенін жеткізген.

Сауалнама барысында қатысушылардан: "Егер жақын арадағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтсе, қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?" деген сауал да қойылған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ең жоғары қолдау "Әділет" партиясына тиесілі болды. Респонденттердің 54,2%-ы дәл осы партияға дауыс беруге дайын екенін айтқан.

  • Екінші орында 7,3% көрсеткішпен "Ауыл" партиясы орналасқан.
  • Үшінші орында 4,6% нәтижемен "Ақ жол" партиясы тұр.
  • Ал "Respublica" партиясын қолдау деңгейі 3,4%.
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына дауыс беруге дайын екенін сауалнамаға қатысушылардың 2,4%-ы білдірген.
  • Қазақстан Халық партиясын 2,1% респондент қолдаса, "Байтақ" партиясын таңдағандардың үлесі 1,1%-ды құрады.

Сауалнамаға қатысушылардың 2,3%-ы "Барлығына қарсымын" деген нұсқаны таңдаған.

Сонымен қатар зерттеу нәтижесі сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде партиялар үшін әлі де бәсекелестік мүмкіндігі жоғары екенін көрсетті. Себебі азаматтардың 22,6%-ы немесе шамамен әрбір бесінші сайлаушы қай партияға дауыс беретінін әлі анықтамаған.

Жалпы алғанда, зерттеу қоғамда елдің саяси бағытына қолдау деңгейі жоғары екенін және азаматтардың сайлау процесіне қатысуға дайын екенін көрсетті.

Зерттеу іріктемесі Қазақстан халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштері бойынша, оның ішінде тұрғылықты жеріне (қала/ауыл), жынысы мен жасына қарай репрезентативті деп белгіленген. Сенімділік ықтималдығы 95% болған жағдайда статистикалық қателік шегі ±1,1%.

Наверх