Партиялар тәуекелге барудан қорқады – сарапшы 

Сарапшы халық нақты өзгерістер күтетінін атап өтті.

17 Шілде 2026, 12:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 17 Шілде 2026, 12:35
17 Шілде 2026, 12:35
129
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қазақстандағы партиялық құрылыс пен саяси коммуникацияның дәстүрлі тәсілдері бүгінгі қоғамның сұранысына жауап бере алмай отыр. Мұндай пікірді Старатегиялық және дағдарыстық коммуникациялар саласының сарапшысы, медиа байланыстар жөніндегі маман Жандос Зейнешов білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде қоғамдық-саяси кеңістікке миллениалдар белсенді араласып, саяси әрі экономикалық үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды. Алайда партиялардың үгіт-насихат жүргізу әдістері мен халықпен жұмыс істеу формалары өзгерген қоғамдық ортаға бейімделмеген.

Партиялық ұйымдардың мақсаттары, миссиясы мен экономикалық-саяси ұсыныстары халық арасында қолдау таппай отыр. Күтілетін нәтиже мен шынайы өмір арасындағы алшақтық ұлғайды, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның өтпелі экономика кезеңінде тұрғанын еске салып, халықаралық деңгейде орта держава ретінде танылғанымен, халық нақты өзгерістер күтетінін атап өтті.

Оның пікірінше, азаматтар батыл реформалар мен нақты шешімдерді қалайды. Алайда саяси партиялар қалыптасқан шеңберден шығуға тәуекел етпейді. Бұл жағдай олардың жұмыс тәсілдері мен қоғаммен байланысына да әсер етіп отыр.

Сарапшының айтуынша, халықпен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыс істеуде де ескі тәсілдер өзектілігін жоғалтқан. Әлеуметтік роликтер мен пафосқа құрылған үндеулер тұрғындардың сенімін арттырмайды, керісінше күмән мен кері реакция тудырады.

Өйткені өмірді жақсарту туралы саясиланған ұрандар нақты өмірдегі жағдаймен сәйкес келмейді, – деді ол.

Оның айтуынша, қазір халықты ең алдымен жеке және отбасылық табыстың өсуі, салық жүктемесі, сондай-ақ шағын және орта бизнестің жағдайы алаңдатады. Сарапшының сөзінше, экономиканың негізгі тірегі саналатын шағын және орта бизнес әлсіреп барады.

Сонымен қатар соңғы бір жарым-екі жылда ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында жүргізілген әлеуметтік тұрақтылық пен сенім индексіне қатысты сауалнамалар индустриялық өңірлерде мемлекеттік шешімдерге деген саяси сенімнің төмендеу үрдісін көрсеткен.

Оның пікірінше, өндірістік жанжалдар мен түрлі наразылықтардың түпкі себебі де осы мәселелермен байланысты.

Қазақстан халқы декларативті мәлімдемелерді емес, нақты әрі түбегейлі өзгерістерді күтеді. Қазіргі партиялық құрылыста жетіспейтіні – тәуекел мен батылдық. Азаматқа дәл қазір қажет дүниені ұсына білу маңызды, – деп түйіндеді сарапшы.

Наверх